Оқиғадан кейін зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін облыстық ауруханаға жеткізілді.
Павлодардағы алюминий балқыту зауытында өндірістік оқиға салдарынан екі адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Компания таратқан мәліметке сәйкес, 16 мамыр күні сағат 23:10 шамасында №3 пештің кептіру алаңында тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде жартылай бөлінген материал құлаған. Сол сәтте аумақта диірмен операторы мен агломерация цехының операторы болған.
Оқиғадан кейін зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін облыстық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер диірмен операторынан оң жақ жіліншік сүйегінің сынуын анықтап, оны ауруханаға жатқызды. Оның жағдайы орташа деп бағалануда.
Ал екінші жұмысшының да оң жақ жіліншік тұсынан жарақат алғаны белгілі болды. Алайда ауыр сыну немесе еңбекке қабілеттілігін жоғалту деректері тіркелмеген. Медициналық тексеруден кейін ол амбулаториялық ем алуға жіберілді.
Компания өкілдері зауыт аумағында ешқандай апат болмағанын мәлімдеді. Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласына жауапты мамандар өндіріс орнын тексеріп, қауіпті жағдай белгілерін анықтамаған.
Қазір оқиғаның мән-жайын Павлодар облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы зерттеп жатыр. Ведомство тексеру қорытындысы бойынша қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.