$ 470.17  547.47  6.42

«Ердоғанның көңілін таптық»: Сарапшы Түркия мен Қазақстанның жақындасуына баға берді (ВИДЕО)

"Түрік-қазақ қарым-қатынастары кеңейтілген стратегиялық деңгейге өтті". 

Танымал сарапшы, шығыстанушы Жанат Момынқұлов "Qasqa Jol" YouTube арнасына берген сұхбатында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға жасаған жұмыс сапарының маңызына тоқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сарапшының айтуынша, Ердоған — әлемдік саясатта өзіндік орны бар ірі тұлғалардың бірі. Сонымен қатар Түркияның экономикасы мен Орталық Азиядағы ықпалы да артып келеді.

"Біздің халық шетелдік президенттерді ерекше қабылдайды. Бірақ Ердоған — әлемдік саяси аренада өзіндік орны бар көшбасшы. Қазір Түркияның экономикасы да, Орталық Азиядағы рөлі де күшейіп келеді. Түрік-қазақ қарым-қатынастары кеңейтілген стратегиялық деңгейге өтті. Тіпті Түркиямен жақындығымыз Ресеймен қарым-қатынас деңгейіне жақындады деуге болады", — деді ол.

Оның сөзінше, Түркия өз аумағында тәуелсіз саясатын ашық жүргізетін мемлекет.

"Түркияның бір ерекшелігі — өзінің мінезі бар ел. Айтамын дегенін айтады, жасаймын дегенін жасайды. Бірақ Түркия біздің аймақта ешқашан өктем ықпал жүргізген емес. Олардың ықпалы көбіне мәдениет пен сериалдар арқылы байқалады", — деді шығыстанушы.

Сондай-ақ ол Түркістанда өткен саммиттің символдық әрі саяси маңызы жоғары болғанын атап өтті.

"Саммиттің Түркістанда өтуі өте орынды шешім болды. Ердоғанға Қожа Ахмет Ясауи атындағы орденнің берілуі де өте дұрыс қадам деп ойлаймын. Түркі жұрты мұны жоғары бағалайды. Себебі Ясауи — ислам философиясын түркі дүниесіне қарапайым тілмен жеткізген тарихи тұлға", — деді Жанат Момынқұлов.

Сарапшы Түркістанның бүгінде түркі мемлекеттерін біріктіретін маңызды геосаяси орталыққа айналып келе жатқанын айтты.

"Түркістанның ерекше киелі атмосферасы бар. Қазір ол бүкіл түркі мемлекеттерін қабылдайтын геосаяси орталыққа айналып келеді. Қазақстанды көрші елдер сабырлы, тұрақты мемлекет ретінде қабылдайды. Бұл өте маңызды. Себебі біздің жанымызда Қытай мен Ресей сияқты ірі державалар отыр", — деді ол.

Шығыстанушының пікірінше, түркі елдерін екі негізгі фактор біріктіреді.

"Біріншісі — эмоционалды байланыс. Ол мәдениет, ортақ тарих, тіл мен ұқсастықтар. Екіншісі — суық саясат, яғни ортақ мүдде, логистика, экономика және әскери сала. Біз осы екі бағытты да тең ұстауымыз керек", — деді сарапшы.

Сонымен қатар ол Ердоғанның Қазақстаннан риза болып қайтқанын айтты.

"Ердоғанның көңілін таптық деп ойлаймын. Халық оны жақсы қарсы алды. Түркияның жұмсақ имиджі бар. Ал Ресей соңғы жылдары өз имиджіне айтарлықтай нұқсан келтіріп алды", — деді ол.

Сөз соңында Жанат Момынқұлов АҚШ пен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыстарға да назар аударды.

"Трамптың Қытайға сапары Ердоғанның Қазақстанға сапарымен тұспа-тұс келді. Бұл кездейсоқтық болуы да мүмкін, дипломатиялық жоспардың бір бөлігі болуы да ықтимал", — деді сарапшы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0