Оның пікірінше, мұндай үрдіс әлеуметтік тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да дұрыс емес.
Асхат Аймағамбетов балабақша мен мектептегі түрлі мерекелік шаралар туралы пікір білдіріп, кей жағдайларда олар “бәсекеге” және “көрсетілімге” айналып бара жатқанын айтты. Оның сөзінше, балабақшадағы қоштасу, мектептегі әр сыныппен немесе кезеңмен қоштасу сияқты дәстүрлі шаралар көбіне бастапқы мағынасынан алыстап, “жалған бедел жарысына” айналып кетеді. Депутат әсіресе виньетка жасау мәселесін сынға алды.
«Қазір кейде виньетка үшін ондаған мың теңге жұмсалады. Ал оны мен өз телефоныммен 10 минутта-ақ жасап бере аламын. Сонда біз не үшін мұндай қомақты қаржы төлеп отырмыз?» - деді ол.
Аймағамбетовтің айтуынша, қоғамда кейбір ата-аналар артық шығынға мәжбүр болып, қажетсіз бәсекеге тартылып кетеді. Оның пікірінше, мұндай үрдіс әлеуметтік тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да дұрыс емес. Сонымен қатар ол министрліктің ұстанымын да түсінетінін жеткізді. Депутат бұл жерде біржақты тыйым туралы емес, мәселені екі тараптан да қарау қажеттігін айтты: бір жағынан - ата-аналардың шығыны мен қысымы, екінші жағынан - ресми мерекелердің тәрбиелік мәні. «Мектептегі қоштасу, бастауышпен қоштасу сияқты салтанатты сәттер сақталады. Ешқандай мереке жойылып жатқан жоқ», - деді ол.