Банктердің «бүгін несие беріп пайда тап, ертеңін уақыт көрсетеді» деген ұстанымы халықты жаппай қарыз құрдымына итермелеуде.
Ұлттық банктің соңғы жариялаған ресми мәліметтері көңіл көншітпейді: елдегі қаржылық тұрақтылықтың іргетасы шайқала бастағандай. Тек бір айдың ішінде сәуірдеқазақстандықтардың қайтара алмай отырған «токсикалық» қарызы (NPL 90+) 85 миллиард теңгеге күрт өсіп, астрономиялық көрсеткішке 1,8 триллион теңгеге жетті.
Бұл жай ғана құрғақ цифр емес, бұл отандық банк жүйесінің агрессивті, ойланбай жасалған несиелендіру саясатының заңды жемісі. Төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен проблемалық несиелердің үлесі алғаш рет критикалық 4%-дық межеден асып жығылды (4,13%). Экономикалық заңдылықтар тұрғысынан алғанда, бұл жүйелі дағдарыстың алғашқы дабылы. Ең сорақысы, несие қоржынының сапасының нашарлау тренді 2026 жылдың басынан бері тұрақты сипат алып отыр.
Алпауыттардың аяқ алысы: Сапа емес, сан маңызды ма?
Бұл жағымсыз статистиканың көш басында, өкінішке қарай, еліміздің қаржы нарығын монополиялап алған қос алып Halyk Bank пен Kaspi Bank тұр.
Halyk Bank бір айда «өлі» несиелер көлемін 43,7 млрд теңгеге ұлғайтып, жалпы сомасын 597 млрд теңгеге жеткізді. Оның қоржынындағы проблемалық несие үлесі 4,59%-ды құрап отыр. Елдің бас банкі үшін бұл үлкен беделге нұқсан.
Ал халық арасында «бөліп төлеу» (рассрочка) бағдарламаларымен танымал Kaspi Bank-тің жағдайы тіптен алаңдатарлық. Мұндағы NPL 90+ деңгейі 6,3%-ға (509 млрд теңге) жеткен.
Бұл үрдіс нені білдіреді?
Қос банктің де скорингтік жүйесі (клиенттің төлем қабілеттіліге бағалау алгоритмі) бүгінгі нарықтың шынайы үрдістеріне жауап бере алмай отыр. Банктер заманауи цифрландыруды, жасанды интеллектіні мақтан тұтқанымен, іс жүзінде несиенің кімге және қалай беріліп жатқаното бақылаудан шығарып алған. Табысы төмен, тіпті ресми жұмысы жоқ азаматтарға оңды-солды несие үлестірудің соңы осыған әкелді. Пайданың соңынан шектен тыс қуу, нарықты агрессивті маркетингпен жаулап алу саясаты банктердің өздерін дефолт қаупіне жақындатып отыр.
Халықаралық банк тәжірибесінде несие қоржынындағы проблемалық қарыз үлесі 5%-дан асса, бұл ұйымның несиелік саясатының тым қауіпті екенін және ішкі бақылаудың әлсіздігін білдіреді.
Ең қызықты парадокс микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) көрсеткішінде. Осыған дейін «халықты жоғары пайызбен тонап жатыр» деп айыпталып келген МҚҰ-лар сәуір айында проблемалық қарыздар көлемін 2,8%-ға төмендете алған. Демек, реттеуші органдар тарапынан қойылған қатаң талаптардан кейін шағын несие ұйымдары тәуекелдерді басқаруды үйренді, талапты қатайтты.
Ал екінші деңгейлі банктер ше?
Олар керісінше, МҚҰ-дан қағылған, төлем қабілеті күмәнді аудиторияны өздеріне тартып, несие қоржынын сапасыз, «токсикалық» активтермен толтыруды жалғастырған. Бұл отандық банк менеджментінің стратегиялық қателігі.
Екінші эшелон: Күйреудің аз-ақ алдында ма?
Рейтингтің соңында тұрған ВТБ Банкі (9,46%), Bereke Bank (7,52%) және Home Credit Bank (6,97%) сияқты қаржы институттарының жағдайы тіптен мүшкіл. Банктің әрбір оныншы немесе он бес несиесінің қайтпай қалуы — сол банктің басқару жүйесінің дәрменсіздігін көрсетеді. Мұндай жоғары көрсеткіштер тұрақталса, ертеңгі күні бұл ұйымдарды мемлекет есебінен (яғни, салық төлеушілердің қалтасынан) құтқаруға тура келмесіне кім кепіл?
Жедел шара қолданатын уақыт жетті
1,8 триллион теңгелік қарыз батпағы бұл тек банктердің қаржылық шығыны емес, бұл әлеуметтік проблема. Банктердің «бүгін несие беріп пайда тап, ертеңін уақыт көрсетеді» деген ұстанымы халықты жаппай қарыз құрдымына итермелеуде.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің несие беру тәртібіне шұғыл араласуы тиіс. Скоринг талаптарын заң жүзінде қатайтып, тұтынушылық несиелердің шекті көлемін шектеу қажет. Егер бүгін банктердің бұл ашкөздігі тиылмаса, ертең 2026 жылдың соңында Қазақстанның қаржы секторы кезекті жүйелі дағдарысқа (коллапсқа) тап болуы әбден мүмкін. Отандық банктер «мемлекет бәрібір құтқарып алады» деген масылдық психологиядан арылатын уақыт жетті.
Бүгінде елдегі проблемалық қарыздың басым бөлігі өндіріске немесе бизнеске емес, дәл осы тұтынушылық мақсатқа той-томалаққа, тұрмыстық техника мен шетелдік гаджеттерге оңды-солды үлестірілген несиелерден құралып отыр. Банктер халықтың қалтасының жұқарып, нақты табысының төмендеп бара жатқанын сезсе де, несиелендіру қарқынын бәсеңдетпеді. Бұл экономика тілінде «жарылуға шақ тұрған қаржылық көпіршік» деп аталады. Егер бұл үрдіс тоқтамаса, ертең қайтарылмайтын қарыз тек банктерді емес, бүкіл ішкі нарықты тығырыққа тірейді
Отандық екінші деңгейлі банктердің бойына сіңіп кеткен бір жаман әдет бар: олар тәуекелге бас тігіп, миллиардтап пайда тауып жатқанда үндемейді, ал алқымнан қысқан дағдарыс келгенде бірден үкіметке алақан жаяды. Халық «қарыз батпағына» батып, банктердің есепшоттары құрдымға кете бастаса, ертең тағы да бюджеттің, яғни қарапайым салық төлеушілердің ақшасымен оларды құтқару операциясы басталуы мүмкін. Бұл нарықтық емес, масылдық психология. Нағыз қаржы институты өз қателігі мен өз тәуекелі үшін өзі жауап беруі тиіс
Халықаралық рейтингтік агенттіктердің (S&P, Moody's) стандарттарына сүйенсек, банк жүйесіндегі 90 күннен асқан қайтарылмайтын берешек үлесі 5%-дық межеге жақындаса немесе одан асып кетсе, бұл бүкіл мемлекеттің несиелік рейтингіне кері әсер етеді. Біздің банктер сәуір айында-ақ 4,13%-ды бағындырып үлгерді. Бұл сыртқы инвесторлардың Қазақстанның қаржы нарығына деген сенімін азайтатын өте жағымсыз көрсеткіш.