Жас қыздың айтуынша, бейнежазбадағы әйел ер адамға қашуға көмектескен.
Ер адамға әкімшілік айыппұл салынған. Ақтөбеден Алматыға бара жатқан пойыздардың бірінде 70 жастағы ер адам ұйықтап жатқан жас қызға тиіскен. Кейін ол оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
"14 мамыр күні Ақтөбе-Алматы бағытындағы пойызда түнгі 3:10-3:20 шамасында астыңғы орында ұйықтап жатсам, мына шал кеудеме қолын қойып, көзі бақырайып жатыр. "Не істеп жатсыз?" деп шошып оянсам, "кешір" деп әрі қарай теріс жатып қалды. Аяқ-киіммен ұрдым да "не істеп жатсыз?" десем, "ой кешір" дейді. Сосын 5 минуттан кейін дәретханаға кетті, артынан шығып, мына әйелге жағдайды айтсам (олар бірге келе жатыр) "Сені зорлады ма? Тиіссе, салып қалып жата бермейсің бе?" деді. Сол уақытта бірден станциядан түсіп, қашып кетті. Пойызға мінбейтіндей болдым", – делінген жазбада.
Жас қыздың айтуынша, бейнежазбадағы әйел ер адамға қашуға көмектескен.
"Кеше онлайн әкімшілік сот болып, осы кісі кінәлі ретінде танылып, 80-85 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Сонда әр адам 80 мың теңге штраф төлеп әркімге тиісе бере ме? Осы адамның кесірінен 4 күн ұйықтай алмай, жаман сезімде болдым. Психологқа барайын десем, студент болған соң ақшам жоқ. Менің орнымда кішкентай қыз болса ше?! Жасы 70-те екен", – деді зардап шеккен студент.
"Жолаушылар тасымалы" АҚ хабарлауынша, №34 "Ақтөбе – Алматы" бағытындағы пойыздың №15 вагонында орын алған жағдай бойынша қызметтік тексеру жүргізілді.
"Оқиға туралы ақпарат түскен сәтте пойыз бастығының міндетін атқарушы дереу тиісті шаралар қабылдап, желілік полиция қызметкерлерімен байланыс орнатты. Түлкібас станциясында жолаушы әйелден арыз қабылданып, материалдар одан әрі процессуалдық іс-шаралар жүргізу үшін құқық қорғау органдарына берілді. Ал ер адам Луговая станциясында пойыздан өз бетінше түсіп қалған. Кейін ол полиция қызметкерлерімен ұсталды. Пойыз бригадасы жағдайға жедел ден қойып, белгіленген тәртіпке сәйкес әрекет етті. Ақпарат құқық қорғау органдарына уақытылы жеткізіліп, жолаушының арызы бойынша тиісті шаралар қабылданды", – делінген хабарламада.