Қазіргі уақытта Дитер Альбрехт Алға қаласында уақытша тұрып жатыр, жергілікті тұрғындар оған көмек көрсетіп отыр.
Германия азаматы Дитер Эдвин Альбрехт Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасына ұшырағаннан кейін Қазақстаннан уақытша шыға алмай отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Апат 6 маусым күні Ақтөбе – Астрахань тас жолында болған. Шетелдік азамат тізгіндеген Mazda CX-5 көлігі жол бойында тұрған ВАЗ автокөлігіне соқтығысқан. Салдарынан көліктегі әйел мен төрт айлық сәби ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалаған.
Туристің айтуынша, ол жол үстіндегі көлікті дер кезінде байқамай қалған және көлікте ескерту белгілері болмаған.
«Мен көлікті анық көрдім. Сол сәтте тағы бір көлік мені басып озды. Мен бұл көлік те жүріп келе жатыр деп ойладым. Бірақ ол тоқтап тұрған болып шықты. Ол жол жиегінде емес, жолдың ортасында тұрған. Көлікте ешқандай шамдар, бірден назар аударатын ештеңе болған жоқ. Бірақ мен жауапкершіліктен қашпаймын», – деді Дитер Эдвин Альбрехт.
Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталғанға дейін шетелдік азаматтың елден шығуына шектеу қойылған.
Жәбірленуші тарап 10 миллион теңгеден астам өтемақы талап етіп, кейін бұл сома 5 миллион теңгеге дейін төмендеген. Турист мұндай соманы төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтты:
«Менің асып жатқан байлығым жоқ. Көлік менің меншігімде емес, ол жалға алынған. Мен мұндай көлікті ешқашан өз ақшама сатып ала алмас едім. Германияда жақсы тұрамын. Әрине, кедей емеспін, бірақ бай да емеспін. 10 миллион теңгеден асатын сома мен үшін мүлдем қолжетімсіз. Сот шешімін күтемін», – деді ол.
Қазіргі уақытта Дитер Альбрехт Алға қаласында уақытша тұрып жатыр, жергілікті тұрғындар оған көмек көрсетіп отыр.
Полиция жол апатының нақты себептерін анықтау үшін сараптамалар тағайындаған.