Ол бұл ұсынысын Instagram парақшасында жариялап, Мұстафа Өзтүріктің жеке заттары мен тарихи мұрасын елдің түкпір-түкпіріндегі жұрт көруі керек екенін айтты.
Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік әкесіне тиесілі тарихи жәдігерлерді Қазақстанның әр өңірінде таныстыру туралы бастама көтерді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол бұл ұсынысын Instagram парақшасында жариялап, Мұстафа Өзтүріктің жеке заттары мен тарихи мұрасын елдің түкпір-түкпіріндегі жұрт көруі керек екенін айтты. Неслиханның сөзінше, Қазақстанның аумағы үлкен, қалалар арасындағы қашықтық алыс болғандықтан, көп адамның Астана немесе Алматы қалаларына арнайы барып, бұл жәдігерлерді тамашалауға мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан ол Мұстафа Өзтүріктің мұрасын тек ірі қалаларда ғана емес, басқа да өңірлерде көрсету маңызды деп санайды.
«Аллаға шүкір, еліміз үлкен, жолымыз да алыс. Сол себепті әр адамның Астанаға немесе Алматыға барып, әкем Мұстафа Өзтүріктің тарихи заттарын көруге мүмкіндігі бола бермейді деп ойлаймын. Мен Қазақстанның басқа аймақтарындағы халық пен келешек ұрпақ та бұл мұраны өз көздерімен көріп, одан рух, күш пен шабыт алғысы келеді деп ойлаймын. Сол үшін Қазақстан бойынша көшпелі көрме жақсы шешім бола ма? Мен үшін халқымның пікірі өте маңызды. Сіздер қалай ойлайсыздар? Қай қалаларда көргіңіз келеді?» – деп жазды Неслихан Өзтүрік.