$ 488.59  564.37  6.79

Ақсуда 3 жасар бала терезеден құлап қаза тапты

Оқиға 11 маусым күні болған.

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Ақсу қаласында көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен құлап кеткен екі жасар бала ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға 11 маусым күні болған. 2023 жылы туған бүлдіршін тұрғын үйдің үшінші қабатындағы терезеден құлап, ауыр жарақат алған.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала алдымен Ақсу қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген. Кейін жағдайының ауырлығына байланысты Павлодар облыстық балалар ауруханасына ауыстырылған.

Дәрігерлердің айтуынша, бүлдіршін ауыр бас-ми жарақатын алған. Оның жағдайы өте ауыр деп бағаланып, жансақтау бөлімінде қарқынды ем жүргізілген.

Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, балаға жасалған операция кезінде оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

«Өкінішке қарай, Ақсу қаласында биіктіктен құлағаннан кейін жеткізілген бала операция барысында қайтыс болды. Алған жарақаттары аса ауыр болды», – деп хабарлады өңірлік денсаулық сақтау басқармасы.

Ведомствоның дерегінше, биыл Павлодар облысында балалардың терезеден құлап кетуіне байланысты үш оқиға тіркелген. Оның біреуі қайғылы жағдаймен аяқталған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0