Бас прокуратура партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғанға дейін кез келген сайлауалды үгітке тыйым салынатынын ескертті.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауы қарсаңында сайлау процесіне қатысушыларға үндеу жасап, заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ведомство мәліметінше, күнтізбелік жоспарға сәйкес партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу кезеңі 2026 жылғы 2–23 шілде аралығында өтеді. Ал сайлауалды үгіт жұмыстары 23 шілде күні сағат 18:01-де басталып, 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады.
Бас прокуратура Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабының 2-тармағына сәйкес партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғанға дейін кез келген сайлауалды үгітке тыйым салынатынын ескертті. Мұндай талапты бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар заңнамада жөнсіз сайлауалды үгіт жүргізуге де шектеу қойылған. Атап айтқанда, сайлаушыларға тегін немесе жеңілдікпен тауар тарату, қызмет көрсету, ақша беру немесе осындай уәде жасау, лотереялар мен қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру заңсыз үгіт болып саналады. Мұндай әрекеттер үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 122-бабының 2-бөлігіне сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Егер мұндай құқық бұзушылық сайлаушылардың дауысын сатып алу белгілерімен ұштасса, онда Қылмыстық кодекстің 150-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілік туындайды.
Сондай-ақ сайлау жарияланған сәттен бастап кандидаттарға, партиялық тізім ұсынған саяси партияларға және оларды қолдайтын жеке немесе заңды тұлғаларға ойын-сауық пен спорттық іс-шаралардан басқа қайырымдылық шараларын өткізуге тыйым салынады.
Бас прокуратураның мәліметінше, аталған талаптарды кандидаттардың, саяси партиялардың немесе олардың сенім білдірілген өкілдерінің бұзуы кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға негіз болуы мүмкін.
Ведомство бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформа пайдаланушыларының да жауапкершілігіне назар аударды. Заңға сәйкес, олар кандидаттар мен саяси партиялардың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған ақпаратты жариялаудан бас тартуға міндетті.
Кандидаттар немесе саяси партиялар туралы жалған мәлімет таратып, сайлау нәтижесіне ықпал етуге бағытталған әрекеттер үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 104-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бұдан бөлек, жала жабу 73-3-бапқа, ал құқыққа қайшы контент пен жалған ақпаратты тарату 456-2-бапқа сәйкес жауаптылыққа әкеледі.
Егер таратылған жалған ақпарат қоғамдық тәртіпке қауіп төндіріп немесе азаматтар мен ұйымдардың заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін болса, мұндай әрекет Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке негіз болады.
Бас прокуратура қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялау тәртібіне де ерекше назар аударды. Заң талаптарына сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар сауалнама нәтижелерін жариялау кезінде зерттеуді жүргізген ұйымды, тапсырыс берушіні, қаржыландыру көзін, сауалнама өткізілген уақытты, дерек жинау әдісін, қойылған сұрақтың нақты мазмұнын, қатысушылар санын және статистикалық қателік коэффициентін көрсетуге міндетті.
Мұндай сауалнамаларды тек Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелген және қоғамдық пікірге зерттеу жүргізу бойынша кемінде бес жылдық тәжірибесі бар заңды тұлғалар ғана өткізе алады. Сонымен бірге олар бұл туралы алдын ала Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде хабардар етуі тиіс.
Заңға сәйкес, дауыс беру күніне дейінгі соңғы бес тәулікте және сайлау күні қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, түрлі электоралдық зерттеулерді немесе дауыс беру болжамдарын жариялауға тыйым салынады. Сондай-ақ дауыс беру учаскелерінде сауалнама жүргізуге және жеке тұлғалардың мұндай зерттеулер өткізіп, оның нәтижесін жариялауына жол берілмейді.
Бас прокуратура аталған талаптарды бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін еске салды.