$ 467.41  533.88  6.14

Еліміздегі 23 банктің халыққа 15 триллион теңгеден астам тұтынушылық несие таратып, нақты өндірісті қаржыландырудан бас тартуы Қазақстан экономикасын деградацияға тіреді

Фото: dknews.kz
Фото: dknews.kz

Қазақстанның банк секторы сырт көзге өте тиімді, тұрақты және халықаралық стандарттарға сай дамып келе жатқандай әсер қалдырады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Халықаралық рейтингтік агенттіктер отандық екінші деңгейлі банктердің көрсеткіштерін жарыса мақтап, қаржылық реттеушілер жүйенің қауіпсіздігі туралы есеп беруден жалыққан емес. Алайда, осы орасан зор пайда мен жылтыраған статистиканың артында ұлттық экономиканың тамырына балта шауып жатқан қауіпті үрдістер жасырынып тұр. Бүгінде отандық қаржы институттары елдің өнеркәсібін дамытатын қозғалтқыш емес, керісінше, халықты жаппай қарызға батыру арқылы өз қалтасын қампайтып отырған өсімқорлық құралға айналды.

Қазіргі таңда елімізде ресми түрде 23 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Осы қаржы институттарының жалпы халыққа таратқан тұтынушылық несие көлемі 15 триллион теңгеден асып жығылды. Бұл – жай ғана құрғақ сан емес, бұл – ел экономикасының нақты сектордан қол үзіп, таза деградацияға ұшырағанының басты айғағы. Нарықтағы банктер дайын өнім шығаратын зауыт-фабрикаларды, ауыл шаруашылығын немесе инновациялық жобаларды қаржыландырудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Олар үшін өндіріске ұзақ мерзімге несие беріп тәуекелге барғаннан көрі, қарапайым бұқараға жылдам әрі жоғары пайызбен кепілсіз қарыз үлестірген әлдеқайда тиімді.

Бұл агрессивті несиелеу саясаты ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздікті ушықтырып, қаржылық құлдықтың жаңа түрін тудырды. Экономикалық белсенді халықтың басым бөлігі тапқан табысының жартысынан көбін ай сайын банктердің пайызын жабуға жұмсайды. Осылайша, азаматтардың сатып алу қабілеті төмендеп, жинақталған қаржы елдің дамуына емес, санаулы банк қожайындарының таза табысына айналуда. Банктер халықтың бүгінгі ғана емес, болашақтағы ондаған жылдар бойғы еңбегін алдын ала сатып алып, тұтынушылық қамытты берік кигізіп қойды. Бұл үрдіс ел ішіндегі инфляцияны жасанды түрде өсіріп, тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына тікелей әсер етуде.

Отандық банк жүйесінің тағы бір сорақы тұсы – нақты секторды несиелеудің жылдан-жылға құлдырауы. Кез келген дамыған мемлекетте банктердің негізгі міндеті – бизнеске, өндіріске дем беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыру. Ал Қазақстанда заңды тұлғаларға, яғни отандық кәсіпкерлерге берілетін несиенің үлесі жалпы портфельде тым төмен деңгейге түсіп кетті. Шағын және орта бизнес өкілдері Ұлттық банктің жоғары базалық мөлшерлемесіне байланысты 18-22 пайыздық жүктемемен несие алуға мәжбүр. Мұндай ауыр шартпен ешқандай өндіріс ошағы өзін-өзі ақтай алмайды, сәйкесінше жаңа зауыттар салынбайды, шикізатты өңдеу өнеркәсібі тұралап қалады. Банктер Тек мемлекет тарапынан субсидияланатын немесе олигополиялық топтарға тиесілі ірі жобаларды ғана ішінара қаржыландырып, нағыз бәсекеге қабілетті бизнесті тысқары қалдырып келеді.

Тәуекелден қашқан банктердің тағы бір оңай табыс көзі – мемлекеттік бағалы қағаздармен айла-шарғы жасау. Бүгінде банктер халықтан депозит ретінде жинаған қаражатты экономикаға инвестиция ретінде құюдың орнына, Ұлттық банктің ноттары мен Қаржы министрлігінің облигацияларына орналастырады. Яғни, банк ешқандай өнім шығармай, ешқандай тәуекелге бармай, мемлекетке ақшаны қарызға беріп, бюджет есебінен кепілдендірілген миллиардтарды қалтасына басады. Бұл – таза паразиттік модель. Халықтың салығынан құралатын мемлекеттік бюджет мектеп, аурухана немесе жол салуға жұмсалудың орнына, екінші деңгейлі банктердің өсімқорлық сұранысын қанағаттандыруға кетіп жатыр.

Осы орайда нарықтағы монополия мен олигополия мәселесі де басты назарда болуы тиіс. Елімізде 23 қаржы институты бар деп жарияланғанымен, іс жүзінде бүкіл активтер, халықтың депозиттері мен цифрлық төлем жүйелері санаулы 2-3 ірі банктің уысында шоғырланған. Нағыз бәсекелестіктің жоқтығы бұл алпауыттардың халық пен бизнеске өз шарттарын диктат ретінде таңуына мүмкіндік берді. Кез келген аударым, коммуналдық төлем немесе мемлекеттік қызметтер үшін алынатын жасырын комиссиялар мен жоғары тарифтер қарапайым жұрттың қалтасын үздіксіз қағып отыр. Елдің бүкіл қаржылық айналымы бір ғана банктің жүйесіне тәуелді болып қалған жағдайда, кез келген техникалық ақау бүкіл мемлекеттің сауда-саттығын паралижге ұшыратуы әбден мүмкін.

Батыстың рейтингтік агенттіктері беретін жоғары бағалаулар мен «Тұрақты» деген болжамдар отандық банктердің елге пайда әкеліп жатқанын білдірмейді. Халықаралық сарапшылар үшін банк халықты неғұрлым тиімді тонап, жоғары пайызбен қарызды қайтарып ала алса, соғұрлым тұрақты әрі сенімді болып есептеледі. Сондықтан, сыртқы мақтауға мастанып, ішкі деградацияны көрмеу – үлкен қателік. Егер Үкімет пен Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерді нақты секторды, өндірісті және ауыл шаруашылығын төмен пайызбен (5-7 пайыздан асырмай) қаржыландыруға заң жүзінде міндеттемесе, елдің экономикалық егемендігіне нұқсан келеді. Банктердің бүгінгі рекордтық пайдасы – ертеңгі күні бүкіл мемлекетті тығырыққа тірейтін қаржылық жарылыстың алғышарты екенін түсінетін уақыт жетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Тегтер:

#халық #банк