Үйде қария, екінші сыныпта оқитын немересі және бесіктегі сәби ғана болған.
Жамбыл облысында екінші сынып оқушысына жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қайғылы жағдай өңірдегі шалғай ауылдардың бірінде тіркелген. Отбасы әкесі өндіріс орнында еңбек етіп, анасы еден жуушы болып жұмыс істеген қарапайым жанұя болған. Балалар болса, жасы ұлғайып, көру қабілетінен айырылған атасының қарауында қалған.
Оқиға күні әкесі үлкен ұлы мен қызын ертіп қалаға кеткен. Үйде қария, екінші сыныпта оқитын немересі және бесіктегі сәби ғана болған. Тергеу материалдарына сәйкес, түскі сағат 13:30 шамасында үйге алыс туыстарының бірі Wi-Fi құпиясөзін сұрап келген. Ересектердің жоқтығын пайдаланған ол кәмелетке толмаған қызға «Әкел, бетіңді сүйейін» деген сылтаумен қылмыстық әрекет жасаған. Осылайша қаскөй баланың дәрменсіздігі мен атасының зағиптығын пайдаланып, кішкентай қызға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін істеген.
Оқиғадан кейін күдікті ештеңе болмағандай кетіп қалған. Кешке жұмыстан оралған анасына қызы өзін жайсыз сезінетінін айтып, күндіз үйге келген туысы туралы баяндаған. Осыдан кейін әйел бірден полицияға хабар берген.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы қажетті дәлелдерді жинап, сараптама тағайындаған. Сараптама қорытындысы баланың айтқанын растаған.
Қылмыстық іс Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып, жасалған қылмыстың ерекше ауырлығы ескерілді. Нәтижесінде бірінші сатыдағы сот айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.