Бұл туралы New York Post басылымы мәлімдеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп ФИФА президенті Джанни Инфантиноның БҰҰ Бас хатшысы қызметіне тағайындалғанын қалайтынын айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы New York Post басылымы мәлімдеді.
Басылымның мәліметінше, Трамп Инфантиноны халықаралық деңгейде беделі жоғары, түрлі елдер мен халықтарды біріктіре алатын тұлға ретінде бағалайды. Екеуінің қарым-қатынасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатын ұйымдастыру кезеңінде нығайған.
56 жастағы швейцариялық Джанни Инфантино ФИФА-ны 2016 жылдан бері басқарып келеді. Бұған дейін ол Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (УЕФА) бас хатшысы қызметін атқарған.
Соңғы жылдары Инфантино саясаткерлермен жақын байланысы үшін жиі сынға ұшырады. Сыншылар оның әрекеті футболдың саясатпен араласуына ықпал етті деп есептейді.
Даулы жағдайлардың бірі 2026 жылғы әлем чемпионаты кезінде болған. New York Post жазуынша, Дональд Трамп АҚШ құрамасының шабуылшысы Фоларин Балогунға салынған дисквалификацияны қайта қарауды сұрап, Инфантиноға жеке хабарласқан. Кейін футболшының жазасы күшін жойып, бұл шешім Еуропада ФИФА-ның жұмысына саяси ықпал жасалды деген пікірлердің күшеюіне себеп болды.
Ал Джанни Инфантино бұл мәселеге қатысты шешімді ФИФА-ның тәуелсіз тәртіптік органдары қабылдағанын мәлімдеген.
Әзірге Инфантиноның БҰҰ Бас хатшысы лауазымына үміткер болуға ниетті екені туралы ресми ақпарат жоқ. Бұл қызметке тағайындалу үшін үміткер алдымен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қолдауына ие болып, кейін Бас Ассамблеяның мақұлдауынан өтуі қажет.