Қарағанды облысы Саран қаласындағы Жамбыл көшесі, 76-үйдің тұрғындары ғимараттың бірінші қабатынан қоғамдық тамақтану орнының ашылуына кескілескен қарсылық білдіруде, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тұрғындардың айтуынша, кафе пайда болса газ баллондары қойылып, шу мен жағымсыз иіс көбейіп, тыныштық мүлдем қашады. Оған қоса, көлік ағыны артып, аулада автотұрақ мәселесі тіптен ушыға түспекші. Ең басты қауіп — үйдің өзі тым ескі әрі жерасты сулары жоғары орналасқандықтан, кіреберістерді сәл жауыннан кейін-ақ су басып қалады. Тұрғындар тозығы жеткен баспанаға түсетін қосымша салмақ апатты жағдайға әкеп соға ма деп шынайы алаңдаушылық білдіріп отыр. Осылайша, қауіпсіздігіне нұқсан келеді деп қорыққан жұртшылық жауапты органдардан бұл нысанның құрылысын тоқтатуды талап етеді.