Жаңа кезеңнің ең ірі нысандарының бірі – «Нұрқазған» кеніші.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС кәсіпорындардың өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымын жаңарту бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыруда. Бағдарламаның кезекті кезеңінде компанияның бірқатар өндірістік нысандарында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы басталды. Бағдарламаға әкімшілік-тұрмыстық кешендер, жатақханалар, асханалар, медициналық пункттер, жуынатын бөлмелер және жұмыскерлер күнделікті пайдаланатын өзге де нысандар енді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жаңа кезеңнің ең ірі нысандарының бірі – «Нұрқазған» кеніші. Мұнда бір мезгілде бірнеше ғимаратта күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Әкімшілік-тұрмыстық кешендердің қасбеті жаңартылып, ғимараттарды жылыту жұмысы атқарылуда, сондай-ақ жуынатын және қызметтік үй-жайлар қайта жаңғыртылуда. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 113,4 млн теңгеден асады.
Сондай-ақ Нұрқазған, Қарағайлы және Балқаш байыту фабрикалары мен Balqash Tau-Ken Öndirisiфилиалының бөлімшелерінде де ауқымды жөндеу жұмысы басталды. Мұнда әкімшілік-тұрмыстық кешендер, жуынатын бөлмелер, инженерлік желілер мен ғимараттардың шатыры жаңартылып, ішкі әрлеу жұмысы жүргізілуде. Бұл мақсатқа 367 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.
«Саяқ» кенішінде әкімшілік-тұрмыстық кешендерге, жуынатын бөлмелер мен ғимараттардың қасбетіне күрделі жөндеу жүргізіліп, іргелес аумақ абаттандырылуда. Бұдан бөлек №17 «Тастау» асханасына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл жобаларды іске асыруға 187,2 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған.
«Шатыркөл» кенішінде жөндеу жұмысы инженерлік-техникалық қызметкерлерге арналған жатақхананы, қонақүйді, медициналық пункт пен кір жуатын ғимаратты қамтыды. Сонымен қатар №2 порталдағы шеберлер бөлмесі мен тамақтану бөлмесінде ағымдағы жөндеу жұмысы аяқталуға жақын қалды. Жобаны іске асыруға 31 млн теңгеден астам қаражат жұмсалды.
Биыл бағдарлама аясында жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайтын әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы 80-нен астам нысан жаңартылады. Олардың көпшілігі ұзақ жылдар пайдаланылғаннан кейін алғаш рет күрделі жөндеуден өтуде.
Бағдарлама ғимараттарды жаңарып қана қоймай, жұмыскерлер үшін заман талабына сай жағдай жасауға бағытталған. Әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту нысандардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, персоналға еңбек етуге және демалуға жайлы жағдай жасауға, сондай-ақ өндірістік алаңдарды қауіпсіздік пен жайлылыққа қойылатын заманауи талапқа сәйкестендіруге мүмкіндік береді.