Ол Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатындағы ресми құжаттарды зерделеп, осыған дейін есімдері кеңінен аталмаған мыңдаған қазақ офицері мен қазақстандық әйелдердің ерлігін анықтады.
Белгілі әскери тарихшы, жазушы, журналист, қоғам қайраткері және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмабай Орынғалиұлы Доспанов 74 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағы жеткізіп, марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, әріптестері мен оқырмандарына көңіл айтты. Жұмабай Доспанов 1952 жылы Атырау облысында дүниеге келген. Ол Таңдай орта мектебінде білім алып, кейін облыстық салалық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарған.1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып, «Атырау демократияға жәрдемдесу орталығын» басқарды. Сондай-ақ өңірдегі тәуелсіз басылымдардың бірі – «Алтын ғасыр» газетінің негізін қалап, бас редактор болды. Жұмабай Доспанов 2011 жылдан бастап Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлердің тағдырын зерттеуге ден қойды.
Ол Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатындағы ресми құжаттарды зерделеп, осыған дейін есімдері кеңінен аталмаған мыңдаған қазақ офицері мен қазақстандық әйелдердің ерлігін анықтады.
Зерттеуші соғысқа қатысқан 8 400-ден астам қазақ офицерінің әскери қызмет жолын жүйелеп, олардың арасында батальон, артиллериялық дивизион, авиациялық эскадрилья және партизан отрядтарын басқарған жауынгерлер болғанын мұрағат деректері арқылы дәлелдеді.
Ғалымның қазақ офицерлері туралы деректер жинақталған он томдық «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» еңбегі бар.
Ал «Қару мен қалам» кітабында майданда жүріп күнделік, хат және әдеби шығармалар жазған қазақ зиялылары мен офицерлерінің жауынгерлік және шығармашылық жолы қамтылған.
Жұмабай Доспановтың еңбектері тарих тасасында қалған мыңдаған қазақстандық жауынгердің есімін қайта жаңғыртып, отандық әскери тарих ғылымына елеулі үлес қосты.