27.07.2026, 12:50

Beeline Оралдағы қызмет көрсету орталығына қатысты шағымға жауап берді

Фото tobolinfo.kz

Сондай-ақ компания кезек күту уақыты әр клиенттің өтінішіне байланысты өзгеретінін түсіндірді.

Орал қаласындағы Beeline қызмет көрсету орталығында 90 жастан асқан қарияның ұзақ кезек күтуіне қатысты әлеуметтік желіде тараған жағдайға компания ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Компанияның мәліметінше, Оралдағы клиенттерге қызмет көрсету кеңсесі күн сайын сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін түскі үзіліссіз жұмыс істейді.

Beeline өкілдерінің айтуынша, қызметкерлер үзіліске кезекпен шығады және бұл уақытта тұтынушыларға қызмет көрсету тоқтатылмайды.

«Жұмыс уақытында қызметкерлер кезекпен үзіліске шығады, алайда клиенттерге қызмет көрсету тоқтатылмайды. Бір ауысымда 6–7 маман жұмыс істейді, олардың 4–5-і әрдайым жұмыс орындарында тұтынушыларды қабылдай алады», – делінген компания жауабында.

Сондай-ақ компания кезек күту уақыты әр клиенттің өтінішіне байланысты өзгеретінін түсіндірді.

«Клиентке қызмет көрсету ұзақтығы оның өтінішінің сипатына байланысты әртүрлі болады. Мысалы, теңгерімді тексеру немесе қызметтер бойынша кеңес беру қысқа уақытта шешілсе, шарт рәсімдеу немесе ұялы телефон сатып алу көбірек уақытты қажет етеді. Сондықтан күту уақыты да әртүрлі болуы мүмкін», – деп мәлімдеді байланыс операторы.

Beeline кейбір санаттағы азаматтарға басымдықпен қызмет көрсетілетінін де атап өтті.

«Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар және жүкті әйелдер кезектен тыс қабылданады», – деді компания өкілдері.

Сонымен қатар оператор кеңседе келушілер үшін отыратын орындар, кондиционер және ауыз су қарастырылғанын, ал келушілер саны тұрақты түрде сараланып, қажет болған жағдайда қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша қосымша шаралар қабылданатынын жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Орал қаласындағы «Саяхат» аялдамасы маңындағы Beeline қызмет көрсету орталығында 90 жастан асқан қарияның қызмет алу үшін бірнеше мекеме арасында жүруге мәжбүр болғаны және келушілердің ұзақ кезекке шағымданғаны туралы ақпарат тараған еді.