"Бұл – спорт пен интеллектінің үйлесімі, сонымен қатар күш-қайрат пен зияткерлік әлеуеттік айқасы".
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирінің ашылу салтанатында айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бүгін біздің сүйікті елордамызда, шын мәнінде, ерекше іс-шара өтіп жатыр. Бұл – спорт пен интеллектінің үйлесімі, сонымен қатар күш-қайрат пен зияткерлік әлеуеттік айқасы. Бұл кереғар емес, керісінше бір-бірін толықтыратын ұғымдар екеніне көзіміз жетіп отыр. Алдағы сайыстардың түпкі философиялық мәні де осыда. Осындай жаһандық ауқымдағы ойындар – адамзаттың жарасымға негізделген және бейбіт болашағының айнасы. Қазақстан әлемдік қауымдастықпен бірге бейбітшілікті. Қауіпсіздікті, әділеттілік пен дамуды қолдайды, - деді Президент.
Мемлекет басшысы атағандай, «Болашақ ойындарында» спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің орасан зор әлеуеті тоғысады. Мұның бәрі біздің ортақ жасампаздық ұстанымызбен толық үндеседі.
«Болашақ ойындары» бір қарағанда бірікпейтіндей көрінетін дүниелерді бір арнаға тоғыстырады. Бұл ойындардың негізгі идеясы – шынайы және виртуалды әлемнің арасында дәнекер болу. Осы аренаға жиналған азаматтардың көбі – жастар. Болашақ өскелең ұрпақтың қолында. Сіздер – білімге құштар, еңбекқор, талапты, өршіл азаматсыздар. Бұл қасиеттеріңіз жаңа әлемнің берік негізі болатыны сөзсіз, - деп айтты Тоқаев.
Президент ойынға қатысушылардың әрқайсысы тыңғылықты дайындықтан өткенін атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, ойыншылар өз командаларының намысын абыроймен қорғайды.
Сіздер «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, жаңа достар тауып, болашағы зор жобаларды бірлесе қолға аласыздар деп сенемін. Себебі «Болашақ ойындарының» басты миссиясы – адамдарды жаңа жетістіктер жолында жұмылдыру және жігерлендіру. «Болашақ ойындары» елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, достықтың және келісімнің тағы бір «алтын көпіріне» айналады деп сенемін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Барыс Аренада өткен сайыстың ашылу рәсімінде.