$ 473.59  544.68  5.94

1 тамыздан бастап елімізде не өзгереді?

Фото: ЖИ
Фото: ЖИ

Құқықтық реформа, қаржылық тәртіп және әлеуметтік жаңғыру сарыны
Астана. Ақпарат тарабы - Алдағы тамыз айы елдің қоғамдық-саяси тынысы мен әлеуметтік-экономикалық ырғағына елеулі өзгерістер енгізгелі тұр. Жаңа Конституция нормаларының пәрменді күшке енуімен қатар, құқықтық тәртіп, тұрғын үй саясаты, білім беру, денсаулық сақтау мен салалық туризмде сүбелі ережелер қолданысқа енеді. Мемлекеттік басқару жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған бұл шаралар әрбір отандасымыздың тұрмыс сапасына тікелей ықпал ететіні сөзсіз.
Саяси майдан: Құрылтай депутаттарының сайлауы
Шілде айында Ата заңның жаңа редакциясы күшіне еніп, мемлекеттік билік институттарын сапалық тұрғыдан жаңартудың тың кезеңі басталды. Осы тарихи бетбұрыстың айғағы ретінде 23 тамыз күні Қазақстан тарихында тұңғыш рет бір палаталы жаңа өкілді орган - Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді.
Ауқымды саяси науқан 54 күнге созылады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат майданы 23 шілде күні сағат 18:01-де туын көтеріп, 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін, орта есеппен 29 күн бойы жүргізіледі. 22 тамыз заң жүзінде тыныштық күні болып жарияланса, 23 тамызда халық өз таңдауын жасайды. Дауыс беру мәресіне жеткен соң, жергілікті уақытпен сағат 20:00-де дауыстарды санау мен хаттамаларды толтыру процесі бастау алады.
Жаңа парламенттік модельге сәйкес, партиялық тізім негізінде 145 депутат 5 жылдық мерзімге сайланады. Заңнамада белгіленген әйелдерге, жастарға және арнаулы қажеттілігі бар азаматтарға арналған 30 пайыздық квота талабы бұлжытпай сақталады. Бұл мемлекеттік маңызы бар саяси шара Үкімет резервінен қаржыландырылады. Республиқалық бюджет жоспарына сай, Орталық сайлау комиссиясының жұмысына 12,6 миллиард теңге, сайлауды тікелей өткізуге 11,2 миллиард теңге, ал оны ұйымдастыру шараларына 1,4 миллиард теңге бағытталып отыр.
Қаржылық тәртіп: Алимент төлеудің соны тетігі
25 тамыздан бастап кәмелетке толмаған балалар мен еңбекке қабілетсіз азаматтардың қаржылық құқығын қорғау мақсатында алимент төлемдерін аудару тәртібі түбегейлі өзгереді. Мұнан былай бұл қаражат тек екінші деңгейдегі банктерде арнайы ашылған шоттарға ғана қабылданады.
Әділет министрлігінің хабарлауынша, бұл шара алимент қаражатын алушының өзге де қарыздары, несиелік міндеттемелері немесе сот орындаушыларының шешімдері бойынша бұғатталуынан қорғауға бағытталған. Арнайы шоттағы ақшаға тыйым салуға заң жүзінде рұқсат етілмейді. Осыған байланысты алимент алушы азаматтар екінші деңгейдегі банктерден арнайы шот ашып, оның реквизиттерін сот орындаушысына тапсыруға міндеттеледі.
Баспана нарығы: Жаңа ипотекалық жобалар
Тамыз айында баспана нарығында екі бірдей елеулі жобаның шымылдығы түріледі.
Атап айтқанда, нәзік жандылардың баспана жағдайын жақсартуға арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау басталады. Бұл жобаға мемлекет қазынасынан 45 миллиард теңге бөлінді. Бағдарламаға соңғы алты ай бойы ресми табысы мен зейнетақы аударымдары бар әйелдер қатыса алады. Несиенің шекті сомасы 50 миллион теңгені құраса, өтеу мерзімі 25 жылға дейін белгіленген. Бастапқы жарна өңірлерде 15 пайыз, ал Астана, Алматы, Шымкент мегаполистерінде 20 пайызды құрайды.
Сонымен қатар Отбасы банк пен Nest Stroy құрылыс компаниясы бірлесіп «50/50» бағдарламасы бойынша пилоттық жобаны бастайды. Мұнда азамат құрылыс компаниясы салып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер таңдап, банкпен жинақ келісімшартын жасайды. Алты ай ішінде пәтер бағасының 50 пайызын жинап, бағалау көрсеткішін 5 баллға жеткізуі тиіс. Осы аралықта тұрғын үй иесі таңдаған пәтерінде тегін тұру мүмкіндігін иеленеді, тек коммуналдық қызметтер үшін төлем жасайды. Шарт орындалған соң мүлік азаматтың атына аударылып, банкке кепілге қойылу арқылы ипотекалық заем рәсімделеді.
Заң мен тәртіп: Түзетулер мен көлік қауіпсіздігі
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және көлік тәртібін бекемдеу мақсатында 25 тамыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген қатаң түзетулер күшіне енеді.
Ішімдік ішіп көлік жүргізген азаматтарды жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі 8 жылға дейін ұзартылады. > Quralay: Ал куәлігі жоқ тұлға мұндай құқық бұзушылыққа барса, оған алдағы 8 жыл ішінде куәлік алуға толықтай тыйым салынады.
Сондай-ақ 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар азаматтар екі жылда бір рет міндетті медициналық куәландырудан өтіп тұруға міндеттеледі.
Мегаполистерде, соның ішінде Алматы қаласында электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолында қозғалуына толықтай тыйым салынады. Мұндай баламалы көлік түрлерін тек 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныс дулығасын киген тұлғалар ғана велосипед жолдарында немесе автомобиль жолында пайдалана алады. Арнайы бағдарламалық жүйе тыйым салынған аймаққа кірген электрсамокаттың жылдамдығын автоматты түрде азайтып, толық бұғаттайды.
Елордалық инфрақұрылымға келсек, Астана халықаралық әуежайында қысқа мерзімді автотұрақ тарифтері өзгеріп, сағатына 300 теңге болып белгіленеді. I және II топтағы мүгедектігі бар жандар, соғыс ардагерлері мен Семей полигонының салдарын жоюға қатысушылар бұл төлемнен босатылады.
Әуе қатынасы саласында AJet әуе компаниясы Қазақстан мен Түркия арасындағы рейстер жиілігін арттырып, Астана мен Алматыдан Анкара қаласына ұшатын ұшақтар қатынасын күнделікті форматқа көшіреді.
Әлеуметтік сала: Денсаулық пен білім реформасы
3 тамыздан бастап амбулаториялық жағдайда медициналық көмек көрсету ережелеріне өзгерістер енеді. Кардиолог, невролог, эндокринолог сияқты бейінді мамандар қабылдауына келген пациентті, қажеттілік туындаған жағдайда, учаскелік дәрігерге қайта жібермей-ақ, қосымша тексерулерге және тағы үш тар бейінді маманның консультациясына тікелей өзі бағыттай алады.
Бұған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі 15 тамызға дейін еліміздегі 69 перзентхананың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын, дезинфекциялық құралдармен және заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуін жаппай тексеруден өткізеді.
Білім саласында жоғары оқу орындарына арналған мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, білім тестілеуінен өткен 233 мың талапкердің 76 пайызы шекті балл жинаған. Ал бірінші сыныпқа оқушыларды қабылдау өтінімдері eGov.kz порталы арқылы 31 тамызға дейін жүргізіледі.
Ел тынысы: Табиғи ресурстар, туризм және мәдениет
4 тамыздан бастап киік мүйізі мен одан дайындалған өнімдерді өткізудің жаңа тәртібі күшіне енеді. Мұндай табиғи ресурстар Мемлекеттік мүлік тізілімінің электронды сауда алаңында ашық аукцион арқылы сатылады. Аукциондар тоқсанына кемінде бір рет ұйымдастырылады.
1 тамыздан бастап туристік гидтер, экскурсия жетекшілері мен туризм нұсқаушылары бірыңғай ережеге көшеді. Тұтынушыларға қызмет көрсету міндетті түрде келісімшарт негізінде жүргізіледі. Гидтер сапар басталғанға дейін 3 күн бұрын маршруттың қауіпсіздік талаптары мен тәуекелдері туралы туристерге ескерту жасауға міндеттеледі.
Мәдени өмірдегі ірі оқиға ретінде 14 тамызда Алматының Орталық стадионында әлемдік поп-жұлдыз Канье Уэсттің концерті өтетінін айтуға болады.
Күнтізбе мен ауа райы: Тамыздағы тыныс-тіршілік
«Қазгидромет» мәліметінше, тамыз айында еліміздің басым бөлігінде орташа температура +21...+29 градус шамасында болады. Солтүстік және шығыс өңірлерде +15...+20 градус болса, оңтүстік-батыста +31 градусқа дейін ыстық сақталады.
Ең бастысы, 2026 жылдың тамызында мемлекеттік мерекелерге байланысты қосымша демалыс күндері қарастырылмаған. Конституция күні 15 наурызға ауыстырылғандықтан, 30 және 31 тамыз әдеттегі жұмыс күндері болып саналады. Бес күндік жұмыс аптасы бойынша ай ішінде 21 жұмыс күні және 10 демалыс күні бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0