Фильмнің келесі түсірілім кезеңі бірнеше күн бойы Бакуде жалғасады.
Әлемге әйгілі актер Джеки Чан Қазақстандағы түсірілім жұмыстарын аяқтап, Әзербайжанның астанасы Бакуге барды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мәліметке сәйкес, фильмнің келесі түсірілім кезеңі бірнеше күн бойы Бакуде жалғасады. Кино тобы түсірілім алаңы ретінде Нагор саябағын, Ичеришехер (Ескі қала), Субұрқақтар алаңын, Баку фуникулерін және Жасыл театрды таңдаған.
Жобаға Қазақстанмен қатар Әзербайжан да қатысып жатыр. Сонымен бірге фильмнің Әзербайжандағы түсіріліміне Қазақстанның осы елдегі елшілігі қолдау көрсетуде.
Еске салайық, «Құдай сауыты: Ультиматум» фильмінің негізгі түсірілім жұмыстары Қазақстанның Маңғыстау облысында өтті. Джеки Чан елімізге шілде айында келіп, картинаның басты көріністерін түсіруге қатысты. Сондай-ақ Алматы облысындағы Қаскелең қаласының маңында да бірқатар эпизодтар түсірілген.
Айта кетейік, «Құдай сауыты» франшизасының алғашқы фильмі 1986 жылы жарық көрген. Содан бері көрерменге үш бөлім ұсынылып, жоба әлемге танымал кинотуындылардың біріне айналды. Жаңа фильмде де басты рөлді Джеки Чан сомдайды. Картинаның премьерасы келесі жылға жоспарланған.