$ 475.38  547.73  5.93

Көліктің ішінде қалып қойған 4 жастағы бала көз жұмды

Төрт жасар Мұхаммед Арас Темел ата-анасының көлігінің ашық тұрған есігінен кіріп, салонда ұйықтап қалған.

Фото:  ©Unsplash
Фото: ©Unsplash

Түркияның Мардин провинциясында көліктің ішінде қалып қойған төрт жасар бала аптап ыстықтан көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Daily Mirror-ға сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға 2 тамыз күні Мазидаги ауданында болған. Төрт жасар Мұхаммед Арас Темел ата-анасының көлігінің ашық тұрған есігінен кіріп, салонда ұйықтап қалған. Біраз уақыттан кейін ата-анасы баланың жоқ екенін байқап, іздей бастаған. Оны тапқан кезде сәби ыстықтан қатты қызып, денесі құрыса бастаған.

Отбасы баланы алдымен Мазидаги мемлекеттік ауруханасына жеткізген. Кейін ол Мардин оқу-зерттеу ауруханасына ауыстырылғанымен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға болған күні Мардинде ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілген. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда күн астында тұрған көліктің іші бірнеше минуттың ішінде адам өміріне қауіпті деңгейге дейін қызады. Әсіресе балалардың ағзасы ересектерге қарағанда әлдеқайда жылдам қызып кетеді.

Марқұм баланың денесі өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары тексеріп жатыр.

Бұл жазда осындай қайғылы жағдайлар Франция мен АҚШ-та да тіркелген. Мамандар балаларды ешқашан жабық көлікте қараусыз қалдырмауға шақырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0