Әлеуметтік желіде такси жүргізушісінің өзімен амандаспағаны үшін сырқаттанып тұрған жолаушы әйелді көліктен түсіріп жіберген видеосы тарап, үлкен дау тудырды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бейнежазбада жүргізуші амандаспауды өзін сыйламау деп бағалап, жолаушыдан дереу көліктен түсуді талап етеді. Оқиғаға тап болған азаматша өзінің денсаулығы болмай тұрғанын айтып, «орнымда еркек немесе күйеуім отырса, олай істемес едіңіз» деп ренішін білдірді. Желі қолданушыларының бір тобы жүргізушінің бұл қылығын қызмет көрсету мәдениетіне сай келмейтін дөрекілік десе, екіншілері сыйластықты бірінші орынға қойып, жүргізушіні қолдап шықты. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қоғамдық тасымалмен айналысатын жүргізушінің себепсізден-себепсіз жолаушыға қызмет көрсетуден бас тартуға ешқандай құқығы жоқ. Ал жергілікті әкімдік пен жауапты басқармалар қаладағы такси қызметінің сапасы мен жолаушылар тасымалындағы тәртіпті бақылауда әлі де әлсіздік танытып отыр.