Оған жамандық жасауды да көздеген емеспін.
Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Кезекті сот отырысында айыпталушы Шерхан Аймахан өз жауабын беріп, оқиғаға қатысты жаңа мәлімдеме жасады.
Сотталушының айтуынша, 2026 жылы 11 қаңтарда ол Нұрай Серікбайды арадағы қарым-қатынасты тоқтату мақсатында кездесуге шақырған.
«Нұрайға мұндай ауыр жарақат саламын деп ойлаған жоқпын. Оған жамандық жасауды да көздеген емеспін. Есімде қалғаны – оған 6-7 рет қана пышақ сұққаным», – деді Шерхан Аймахан.
Бұған дейін айыпталушы соттағы алғашқы жауабында Нұрайдың өзіне бірінші болып пышақ салғанын айтқан болатын. Алайда бүгінгі отырыста ол бұл сөзінен бас тартып, өзіне түскен жарақатты өзі салғанын мойындады.
Қазіргі уақытта Шерхан Аймаханнан жауап алу жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, 1997 жылы туған Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің «Некеге тұруға мәжбүрлеу», «Сталкинг» және «Аса қатыгездікпен адам өлтіру» баптары бойынша айып тағылған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол Нұрай Серікбайға жалпы саны 35 пышақ жарақатын салған.