Кәсіпкердің айтуынша, ол 2022 жылдың соңында таныстарының ұсынысымен дәмханаға инвестиция сала бастаған.
Көкшетауда 12 адамның өмірін қиған «Центр плова» дәмханасындағы жарылысқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Сот отырысында нысан иесі өз кінәсін мойындады.
Кәсіпкердің айтуынша, ол 2022 жылдың соңында таныстарының ұсынысымен дәмханаға инвестиция сала бастаған. Алайда кейін нысанның жұмысына тиісті деңгейде бақылау жасамағанын және оның қызметін дұрыс қадағаламағанын айтты.
Сонымен қатар кәсіпкер өрт қауіпсіздігі талаптарына жеткілікті көңіл бөлмегенін, қажетті құжаттарды ретке келтірмегенін және дәмхананы басқарған қызметкерлердің жұмысын тиісті деңгейде тексермегенін мойындады.
«Мен дәмхананы дұрыс басқармағанымды мойындаймын. Өрт қауіпсіздігіне қатысты құжаттарды да реттемедім», – деді ол.
Сот барысында дәмхана ішінде бес газ баллоны болғаны анықталды. Алайда нысан иесі олардың барынан хабарсыз болғанын мәлімдеді.
Еске салайық, қайғылы оқиға 26 ақпанда Щучинскідегі «Центр плова Loft» дәмханасында болған. Газ баллонының жарылуынан ғимаратта өрт шығып, 26 адам зардап шеккен. Кейін 12 адамның қаза тапқаны белгілі болды.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу 16 маусымда аяқталған. Іс аясында бірнеше адам қамауға алынған.