"Олар Әділетті сатқын деп санайды".
Ұлдана Мырзуанның жесірі Әділет Зейнел мен оның анасы Эльза Ерманова «Қазақстан халық партиясының» YouTube арнасына сұхбат беріп, марқұмның жылдық асына қатысты шешімдерін айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Олардың айтуынша, Ұлдананың жылдық асы тек жақын туыстарының қатысуымен өтеді. Әділеттің отбасы асқа марқұмның ата-анасы шақырылмайтынын мәлімдеді.
«Біз Ұлдананы әлі күнге дейін құрметтейміз, ешқашан ұмытқан емеспіз. Бұл – бір әулеттің ғана емес, бүкіл елдің қайғысы болды», – деді Әділеттің анасы Эльза Ерманова.
Ол сондай-ақ Ұлданаға «Ерлігі үшін» медалінің берілуіне Әділеттің көп күш салғанын айтты. Оның сөзінше, оқиға болғаннан кейін Ұлданаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, оны төтенше жағдай қызметкерлерін күтпестен әрекет етті деп айыптаған. Бұл жағдай Әділетке ауыр тиген.
«Әділет жәбірленуші мәртебесінен бас тартқан жоқ. Оның мақсаты – істің соңына дейін жетіп, Ұлдананың кінәсіз екенін дәлелдеу. Ол оқиға кезінде Ұлдананың заңды жұбайы болды, бүгінде – марқұмның жесірі. Біз Ұлдананың туыстарына өкпелемейміз. Бірақ олар Әділетті сатқын деп санайды. Мен ол кісілерді ренжіткім келмейді», – деді Эльза Ерманова.
Өз кезегінде Әділет Зейнел әлеуметтік желіде өзінің қалыңдығы Жұлдызға бағытталған жағымсыз пікірлерді тоқтатуға шақырды. Ол сүйіктісі өзінің өткен өмірі мен жағдайын басынан-ақ білгенін айтты.
«Біз Ұлдананың жылдық асын жоспарлап қойдық. Жақын туыстарымызбен жиналып, ас беріп, Құран бағыштаймыз. Мен өзімді сатқынмын деп есептемеймін. Егер жаңа өмір бастауды сатқындық деп санайтындар болса, ол – олардың пікірі. Басқа адамды сүйіп, өмірді жалғастыру – қалыпты нәрсе», – деді ол.
Сондай-ақ Әділет қалыңдығының ар-намысына тиетін түрлі болжам мен жалған әңгіме таратпауды сұрап, жұртшылықты нақты шындыққа сүйеніп пікір білдіруге шақырды.