07.08.2026, 18:00

Шахматтан әлем чемпионатында қазақстандық команда ширек финалға шықты

Фото: KazChess

Қазақстан шахмат федерациясының мәліметінше, 16 команданың ішінен күресті одан әрі 8 команда жалғастырады.

Алматыда 2026 жылғы университеттер арасындағы шахматтан командалық әлем чемпионатының топтық кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қазақстан шахмат федерациясының мәліметінше, 16 команданың ішінен күресті одан әрі 8 команда жалғастырады. Үздік сегіздіктің қатарына Қазақ ұлттық спорт университетінің командасы да өткен.

Топтық кезең үш күнге созылды. Қатысушылар төрт тақтада 45+30 жылдам классика уақыт бақылауымен 6 матчтан ойнады. Әр топтан екі үздік команда плей-офф кезеңіне өтті.

А тобында бірінші орынды сенімді түрде Орал мемлекеттік тау-кен университеті иеленді. Команда барлық 6 матчты жеңіп, 12 командалық және 22 жеке ұпай жинады. Екінші орында – Harvard University студенттері. Олар 7 командалық және 12,5 жеке ұпай жинады. University of Melbourne және Peking University командалары турнирден шығып қалды.

В тобында Saint Louis University командасы бірінші болды. Екінші орынмен ширек финалға Universidad de Chile өтті. Ал С тобында бірінші орынды University of Texas at Dallas иеленді. Екінші орында National Technical University of Athens командасына бұйырды. Қазақстандық AlmaU командасы топтық кезеңді үшінші орында (3 ұпай) аяқтады, Cambridge University төртінші болды.

D тобының жеңімпазы – Қазақ ұлттық спорт университетінің командасы. KNUS студенттері 5 жеңіске жетіп, бір матчты тең аяқтады. Екінші орынға индонезиялық Universitas Gunadarma командасы жайғасты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үшінші орында тоқтап, плей-оффтан бір қадам қалды. Oxford University кезеңді төртінші орында аяқтады.

Бүгін жартылай финалға өтетін төрт команда анықталады. Оның ішінде Қазақ ұлттық спорт университеті National Technical University of Athens командасымен жолығады.

8 тамызда жартылай финал матчтары өтеді, 9 тамызда чемпион мен жүлдегерлер анықталады.