07.08.2026, 18:20

«Магистральдық су құбыры» ЖШС-нің бұрынғы басшысы 6 жыл 8 айға сотталды

Фото: видеодан скрин

Қылмыстық схема «Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбырын реконструкциялау жобасын іске асыру барысында ұйымдастырылған.

Атырау қаласының №2 соты «Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбырын реконструкциялау кезінде мемлекетке 6,4 млрд теңгеден астам залал келтірді деп айыпталған бірнеше адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сот бұрынғы «Магистральдық су құбыры» ЖШС-нің бас директоры, кейін «ҚазТрансОйл» АҚ-ның коммерция жөніндегі басқарушы директоры болған Берік Салпекті 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмыстық схема «Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбырын реконструкциялау жобасын іске асыру барысында ұйымдастырылған.

Айыптау тарабының мәліметінше, жобада пайдаланылған шыныпластик құбырлар мен басқа да материалдардың құны негізсіз өсіріліп көрсетілген. Сонымен қатар сметада көзделген, бірақ іс жүзінде орындалмаған жұмыстар орындалды деп рәсімделіп, қабылдау актілеріне енгізілген. Соның салдарынан мемлекетке 6,4 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

Сот Берік Салпекті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабының 3-бөлігі (қылмысты ұйымдастырушы) және 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша кінәлі деп таныды. Оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте, қаржы нарығын реттеу және қадағалау органдарында, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды.

Үкімге сәйкес, Берік Салпектің банк шотындағы 30,1 млн теңгеден астам қаражаты мен автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленеді.

- Сонымен қатар, сот 12 миллион теңге көлеміндегі залалдың толық дәлелденбегенін анықтады. Осыған байланысты азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды. Заңсыз түзетулерге қатысты 6 миллиард теңгеден астам сома бойынша талап қанағаттандырылды. Сот талқылауы барысында құбырдың түрі заңсыз өзгертілгені анықталды. Сондықтан осы бөлігі бойынша талап-арыз қанағаттандырылды. Сондай-ақ, сот тергеуі барысында дәлелденген мүліктерге салынған тыйымдардың бір бөлігі мемлекет кірісіне өндірілді, ал қалған бөлігі заңды иелеріне қайтарылды. Бұдан бөлек, сотталушыларға тиесілі және азаматтық талапты қамтамасыз ету үшін қажет өзге де мүліктерге салынған тыйым сақталды,-деді №2 қалалық сотының судьясы Нұртас Бөлекбаев.

Осы іс бойынша айыпталған Асқар Күлтумиев те Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған өмір бойына мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қызмет атқаруға тыйым салынды. Оның автокөлігі тәркіленеді.

«Альянсстройгрупп» ЖШС-нің қаржылық кеңесшісі Аслан Ищанов та осы бап бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға сотталды. Оған қоса бес жыл мерзімге коммерциялық және өзге ұйымдарда басшылық әрі материалдық жауапты қызметтерді атқару құқығынан айырылды. Сот оның бірнеше автокөлігін, Астана қаласындағы пәтерін, автотұрағын және коммерциялық мақсаттағы жылжымайтын мүлкін мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды.

«Еуразиялық факторинг компаниясы» ЖШС-нің қаржы директоры Арман Маскенов те Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ бес жыл бойы коммерциялық және өзге ұйымдарда басшылық әрі материалдық жауапты қызметтерді атқаруына тыйым салынды. Үкімге сәйкес, оның Алматы мен Астана қалаларындағы бірнеше пәтері, тұрғын емес ғимараттары, автотұрақ орындары, жер учаскесі, арнайы техникасы мен автокөліктері мемлекет кірісіне тәркіленеді.