Сотта сарапшыдан жарақаттардың әрқайсысы өлімге әкелуі мүмкін бе деген сұрақ қойылды.
Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысында сот-медициналық сарапшы Жанболат Пернебеков марқұмның денесіндегі жарақаттарға қатысты жауап берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Сарапшының айтуынша, жәбірленушінің денесінен анықталған 35 жарақаттың барлығы да тірі кезінде салынған. Сот барысында іш және кеуде қуысына түскен пышақ жарақаттарының қаншалықты қауіпті болғаны сұралды.
«Неге іш қуысына, кеуде қуысына енген жарақат болатыны – өмірге қауіптілік белгісі бойынша ол өлімге алып келуі мүмкін. Яғни, жалғыз жарақат болса да, бірнеше жарақат болса да... Егер кеуде қуысы мен іш қуысына еніп, ішкі ағзаға және сыртқа қарай қан кету әсерінен ол өлімге алып келеді», – деді сот-медициналық сарапшы.
Сотта сарапшыдан жарақаттардың әрқайсысы өлімге әкелуі мүмкін бе деген сұрақ қойылды.
«Иә», – деп жауап берді Пернебеков.
Сондай-ақ сот отырысында жарақаттардың қайсысы бірінші, қайсысы кейін салынғанын анықтауға бола ма деген сұрақ қойылды.
«Жоқ, ол мүмкін емес. Ол сараптама тағайындалғанда да қаулыда қойылған болатын, ол сұраққа мен жауап бергенмін. Жауабым жоқ», – деді сарапшы.