$ 469.93  541.64  5.71

Ақтауда дәрігерлер бірнеше рет ауруханаға жатқызбаған 13 жастағы бала қайтыс болды

Анасының сөзінше, операция кезінде баланың жүрегі бірнеше рет тоқтап қалған.

Фото: Отбасының жеке архивінен
Фото: Отбасының жеке архивінен

Ақтауда 13 жастағы жасөспірімге дер кезінде дұрыс диагноз қойылмай, бірнеше рет ауруханаға жатқызудан бас тартылған. Кейін баланың жағдайы күрт нашарлап, ол көз жұмды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Баланың анасы Жұлдыз Азанованың айтуынша, 2026 жылғы 17 қаңтарда іші қатты ауырған ұлын жедел жәрдем көлігімен балалар ауруханасына жеткізген. Алайда жасөспірім онда шамамен үш сағат бақылауда болғаннан кейін үйіне жіберілген.

Одан кейін де отбасы бірнеше мәрте медициналық көмекке жүгінген. Алайда дәрігерлер баланың нақты диагнозын бірден анықтай алмаған. Кейін жасөспірімнің жағдайы ауырлап кеткен соң ғана ауруханаға жатқызылып, оған ота жасалған.

Анасының сөзінше, операция кезінде баланың жүрегі бірнеше рет тоқтап қалған. Кейін жасөспірім санитарлық авиациямен Алматыдағы мамандандырылған медициналық орталыққа жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.

Оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігі жоспардан тыс тексеру жүргізіп, медициналық көмек көрсету барысында бірқатар өрескел заңбұзушылықтар болғанын анықтады. Осыдан кейін облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды.

Жасөспірімге тиісті медициналық көмек көрсетілмегені бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жолданған.

Ұлынан айырылған Жұлдыз Азанова мәселені жеке бақылауына алуды сұрап, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесуге ниет білдіріп, Астанаға барған.

Министр қайғылы жағдайға қатысты тергеу барысын жеке бақылауында ұстап отырғанын мәлімдеді.

«Медициналық көмек көрсету дерегі бойынша прокуратура қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды. Медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша жағдайды бақылауда ұстай береміз. Мұндай жағдайлар формалды жауаптарды емес, нақты қорытындылар мен жүйелі шешімдерді талап етеді», – деп жазды Ақмарал Әлназарова Instagram парақшасында.

Сонымен қатар министр марқұм жасөспірімнің анасын Астанада жеке қабылдауға дайын екенін айтты.

«Астанада көз жұмған баланың анасын жеке қабылдаймын. Бұл отбасы үшін орны толмас қайғы. Кінәлілер заңға сәйкес әділ жазасын алады», – деді ведомство басшысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0