Алаяқтық әрекеттердің жиілеуі банктік қауіпсіздік жүйелерінің әлі де болса осал тұстары бар екенін көрсетті.
Соңғы жылдары отандық қаржы секторы цифрлық трансформацияны қарқынды жүргізіп, «жылдам әрі ыңғайлы» сервистерді іске қосуда. Мемлекет тарапынан 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы да бұл үдеріске серпін бергені хақ, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Мобильді қосымшалар, санаулы секундта рәсімделетін онлайн-несиелер мен заманауи алгоритмдер банк жүйесінің сыртқы келбетін тартымды етіп көрсеткенімен, бұл инфрақұрылымның артында қатардағы тұтынушы күнделікті бетпе-бет келіп отырған жүйелі кемшіліктер жатыр.
Қазіргі таңда отандық банктердің негізгі табыс көзі — өндірісті немесе инновациялық өнеркәсіпті қаржыландыру емес, халыққа кепілсіз тұтынушылық қарыз тарату болып отыр. Елдегі бөлшек несие берудің шамадан тыс өсуі азаматтардың қаржылық жүктемесін арттырды. Жарнамада көрсетілетін тиімді шарттардың артында жоғары Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) мен жасырын комиссиялар жасырынған. Несие рәсімдеу кезінде тұтынушыға таңсылатын міндетті сақтандыру полистері де қарыздың түпкілікті құнын еселей түседі. Салдарынан банктер нақты экономиканы дамытушы драйверге емес, халықтың қаржылық тығырығын пайдаланып, пассивті табыс табатын құрылымға айналып бара жатқандай.
Филиалдар санын барынша қысқартып, қызметті толықтай онлайн форматқа көшіру тұтынушы үшін уақыт үнемдеу болып көрінгенімен, күрделі жағдайларда үлкен кедергіге айналуда. Бүгінде қолдау қызметіне хабарласқан клиентті әдетте роботтар мен чат-боттар қарсы алады. Стандартты емес немесе техникалық ақауға байланысты туындаған мәселелерді шешуде жасанды интеллекттің қауқарсыздығы байқалады. Ал оператормен, яғни тікелей маманмен байланысу үшін ұзақ уақыт күту немесе қосымшаның шұбалаңды мәзірінен өту қажет. Қаражат қате аударылғанда немесе транзакция бұғатталғанда, банктердің өтінішті қарауды апталап созатын бюрократиялық аппараты тұтынушының құқығын шектейді.
Алаяқтық әрекеттердің жиілеуі банктік қауіпсіздік жүйелерінің әлі де болса осал тұстары бар екенін көрсетті. Сәйкестендіру жүйелерінің жетілмеуі салдарынан азаматтардың атына үшінші тұлғалар тарапынан заңсыз несие рәсімделу фактілері тыйылмай тұр. Мұндай жағдайларда қаржы ұйымдары өз жүйелеріндегі саңылауды мойындаудың орнына, барлық жауапкершілік пен қаржылық ауыртпалықты жәбірленуші азаматтың мойнына артуға бейім. Сонымен қатар жеке деректердің сыртқа ағып кетуі (дата-ликс) қоғамның банктік киберқауіпсіздікке деген сенімін суытып отыр.
Банк секторларының тағы бір басты кемшілігі — шағын және орта бизнесті (ШОБ) тікелей қолдаудан қашуы. Тәуекелі жоғары, бірақ мемлекет экономикасына айтарлықтай пайда әкелетін өндірістік жобаларға қаражат бөлуден өрісі тар тұтынушылық несиелерді таратқанды артық көреді. Мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларынсыз коммерциялық банктердің жоғары пайыздық ставкасымен нақты секторда бизнес жүргізу мүмкін емес дерлік.
Елдің банктік секторы өзін технологиялық көшбасшы ретінде көрсеткенімен, бұл жетістіктер сервис сапасы мен әлеуметтік жауапкершілікті толық алмастыра алмайды. Тұтынушы мүддесін қорғау, пайыздық жүктемені азайту және киберқауіпсіздікті күшейту басты назарда болмайынша, банктердің жұмысына қатысты қоғамдық сын басылмайды. Қаржы институттары цифрлық көрсеткіштерді ғана емес, ең алдымен клиенттің шынайы сенімін басты орынға қоюы тиіс.