$ 465.74  537.23  5.62

Білім мен ғылымға инвестиция салған мемлекет қана жеңіске жетеді

Фото: ЖСДП партия
Фото: ЖСДП партия

Қазақстанның даму жолындағы ең маңызды мәселелердің бірі – елдің байлығын қалай игереміз деген күрделі мәселе тұрғаны рас. Ұзақ уақыт бойы табиғи ресурстарымыз, стратегиялық қорларымыз мемлекеттің негізгі артықшылығы ретінде қарастырылып келді. Мұнай, газ, уран, көмір мен өзге де пайдалы қазбаларды тізе беруге болады. Әрине, жер қойнауындағы байлық – экономикалық мүмкіндіктердің маңызды көзі. Алайда XXI ғасырдың шындығы мүлде басқа өлшемдерді алға шығарып отыр,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қазіргі дамыған әлемде мемлекеттің қуаты тек табиғи ресурстар көлемімен емес, ең алдымен азаматтарының білім-білігімен, ғылыми әлеуетімен және технологиялық мүмкіндіктерімен айқындалып отыр.

«Елдің ең үлкен байлығы – жер астындағы ресурс емес, сол жерге иелік ететін адами капитал. Себебі табиғи байлық бір күні таусылады, ал білім мен интеллект қоғамның мүмкіндігін үнемі арттырып отырады», – деген қағида бүгінгі өркениеттің негізгі бағытына айналды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның «Прогресс жолындағы 20 белес» деп аталған сайлау алды  бағдарламасында да осы мәселеге ерекше мән береді

 Бағдарламаның өзегіндегі басты идеялардың бірі де әлеуметтік әділеттілікке негізделген. Онда адам мүмкіндігін толық ашуға жағдай жасайтын мемлекет қалыптастыру айрықша айқындалып отыр.

Білім – шығын емес, мемлекеттің стратегиялық инвестициясы

Бүгінгі таңда инновациялық экономикасы қалыптасқан мемлекеттер табиғи ресурстарға емес, жаңа технологияға, ғылыми жаңалықтарға және жоғары білікті мамандарға сенім артады. Себебі заманауи экономикада ең жоғары құндылық – идея, зерттеу және оны жүзеге асыра алатын мамандар басты әлеует болып есептеледі.

Қазақстан үшін де бұл таңдау бүгінгі таңда алдымыздан шығып отыр. Ендігі жерде біз дайын технологияларды сатып алатын мемлекет болып қала береміз бе, әлде өз технологиямызды өзіміз жасайтын, ғылыми әлеуетіміз жоғары елге айналамыз ба деген стратегиялық сұраққа жауап беруіміз қажет.

Бұл сауалдың шешімі ретінде ЖСДП ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің кемінде 2 пайызына жеткізу қажеттігін көтеріп отыр. Бұл – тек ғылыми ортаны қолдау емес, елдің экономикалық тәуелсіздігін күшейтуге бағытталған қадам. Өйткені бүгін ғылымға салынған қаражат – ертеңгі өндірістің, жаңа кәсіптің, жоғары технологиялық экономиканың негізі.

Біз ең алдымен мына бір қағиданы естен шығармауымыз қажет. Кейде асығып-аптығып алға ұмтылып кететін жағдайларымыз да жоқ емес. Мұндайда артта қалған тұстарды реттеу аса қиын болары анық.

Сондықтан Жалпыұлттық социал-демократиялық партия кез келген ғылыми жетістік пен технологиялық серпілістің бастауы мектептен басталатынын алға тартып отыр. Ал ондай болса, ең алдымен мектептерге мән беру маңызды болмақ. Ал мектептің сапасы, ең алдымен, мұғалімнің жағдайына байланысты.

Білім жүйесін жаңарту үшін ең әуелі ұстаз еңбегінің қоғамдағы орнын көтеру қажет. Мұғалімнің мәртебесі тек құрметті сөздермен емес, нақты әлеуметтік қолдаумен өлшенуі тиіс.

Осы тұрғыда партия мұғалімдердің жалақысын айтарлықтай арттыруды, ауылдық жерлердегі ұстаздарға қосымша қолдау көрсетуді ұсынады. Бұл – тек әлеуметтік мәселе емес, ұлттық мәселе. Себебі сапалы біліммен қамтамасыз етілген ұрпақ қана елдің экономикалық және технологиялық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алады.

Әрине, білім саласына жасалған инвестицияның нәтижесі бір күнде көрінбейді. Бірақ дәл осы салаға салынған қаражат бірнеше онжылдықтан кейін мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетін айқындайтыны анық.

Бұл туралы ЖСДП-ның Орталық аппаратының басшысы, ҚР Құрылтай депутаттығына кандидат Мақсұт Бейбітұлы 5 тамызда өткен теледебатта шегелеп тұрып айтты.

«Мемлекет азаматтың қабілетін ашуға жағдай жасағанда ғана әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізе алады. Баланың болашағы ата-анасының қаржылық мүмкіндігіне емес, оның қабілеті мен еңбегіне байланысты болуы керек. Сондықтан білім беру саласына мемлекет үздіксіз қолдау көрсетуі керек», – деді.

Қазақстан технологияны тұтынушы емес, жасаушы елге айналуы керек

Қазіргі жаһандық бәсекеде тек дайын технологияны пайдалану жеткіліксіз. Елдің тұрақты дамуы үшін өз ғылыми мектебі, өз инженерлері, өз зерттеушілері болуы қажет. Бұл аса маңызды!

«Қазақстанның басты байлығы – табиғи ресурстар емес, азаматтарының білімі мен қабілеті. Егер мемлекет өз ғылымын дамытпаса, ол дайын технологияны сырттан сатып алуға мәжбүр болады. Ал технологияны жасаушы ел болу үшін ең алдымен ғалымға, зерттеушіге және білімді маманға жағдай жасауымыз керек», – дейді Мақсұт Насибулов.

Осыған байланысты жаңа технологияларды енгізу кезінде қазақстандық мамандардың қатысуын арттыру мәселесі де өте өзекті. Жаңа технологиялар мен инвестициялар келген кезде қазақстандық мамандардың білімі мен құзыретін арттыруға басымдық берілуі маңызды. Инвестициялық жобалар жергілікті кадрлардың тәжірибесін арттыруға, жаңа құзыреттер қалыптастыруға және отандық өндірістің дамуына мүмкіндік берген жағдайда оның ұзақ мерзімді тиімділігі де жоғары болады). Елге келген әрбір технология тек дайын өнім ретінде қолданылмай, жергілікті кадрлардың білімін жетілдіруге және жаңа өндірістерді қалыптастыруға мүмкіндік берген кезде ғана даму болады. Партия осыны айтып отыр.

Мақсұт Бейбітұлы атап көрсететін негізгі ойлардың бірі – дамудың жаңа кезеңінде мемлекеттің басты міндеті азаматтың әлеуетін ашу болуы керек. Себебі технологияны сатып алуға болады, бірақ оны дамытатын білімді ұлтты дайын күйінде сатып алу мүмкін емес.

Дәл қазіргі күні Қазақстан алдында тарихи таңдау тұр. Оның бір жолы – табиғи ресурстарға сүйенген экономикалық модельді жалғастыру. Екінші жолы – адам капиталына, ғылымға және инновацияға негізделген жаңа даму бағытына көшу.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, табиғи байлығы аз болса да, білімді қоғам құрған мемлекеттер жоғары деңгейдегі экономика қалыптастыра алды. Ал табиғи ресурсы мол елдердің барлығы бірдей тұрақты даму жолына түсе алған жоқ. Сондықтан Қазақстан үшін ең маңызды ресурс – азаматтарының білімі, қабілеті және шығармашылық әлеуеті.

ЖСДП-ның «Прогресс жолындағы 20 белес» бағдарламасындағы білім мен ғылымға басымдық беру идеясы осы қажеттіліктен туындап отыр.

Болашақ Қазақстанның күші мұнай мен газ көлемімен емес, оның мектептерінде, зертханаларында, университеттерінде және өз ісін жетік меңгерген азаматтарымен айшықталары анық. Мықты мемлекеттің басты құндылығы – мықты адам.

Тапсырыс беруші: ЖСДП төрағасы А. Н. Рахимжанов. «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің сайлау қоры қаражаты есебінен төленді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0