Ерлі-зайыпты бес жыл бұрын ажырасып кеткен.
Шымкентте бұрынғы азаматтық күйеуі бетіне қышқыл шашқан әйел мен оның анасы алғаш рет оқиға туралы ашық айтып, сұхбат берді. Олар 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасында болған жағдайды баяндады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жәбірленуші сұлулық салонында жұмыс істейді. Шабуыл болған күні бұрынғы күйеуі клиент әйелдің атынан хабарласып, салонға қызмет алуға жазылған. Осылайша ол жәбірленушіні сыртқа шығарып, көшеде күтіп тұрған. Сол жерде ер адам әйелдің үстіне қышқыл шашқан.
Ерлі-зайыпты бес жыл бұрын ажырасып кеткен. Алайда жәбірленушінің айтуынша, бұрынғы күйеуі оны үнемі қызғанып, аңдып жүрген. Тіпті оның атына несие рәсімдеп, қарызын өзі өтеуге мәжбүр болған.
«Ол менің бет-ауызымды құртып, мүгедек қыламын деп қорқытатын. Мұның бәрі алдын ала жоспарланған. Мен оған емделу керек екенін, басы дұрыс істемейтінін және өзін оғаш ұстайтынын айтқанмын. Есі дұрыс адам баласының көзінше анасын қылғындырмайды», – деді жәбірленуші.
Әйел бұрын да денесінде көгерген іздермен жүргенін айтты. Дегенмен жағдайдың мұндай деңгейге жететінін күтпеген. Қазір оның басы, беті, мойны, кеудесі, қолдары, арқасы мен иығы күйген. Алдағы уақытта ұзақ ем қабылдап, тері ауыстыру отасы мен оңалтудан өтуі қажет.
Жәбірленушінің анасы да сұхбат барысында оқиғаның алдын ала жоспарланғанына сенетінін айтты. Оның сөзінше, күдікті шабуыл кезінде өзіне қышқыл тимеуі үшін арнайы қорғаныш құралдарын дайындаған.
«Қызымның айтуынша ол комбинезон мен шлем киіп алған. Құқық қорғау органдары мұны ауыр дене жарақатын салу деп бағалап отыр. Бірақ ол қызымды өлтіруге әдейі барған. Ол қышқылды, шлемді, комбинезон мен қолғапты алдын ала дайындап қойған. Яғни ол адам өлтіруге алдын ала дайындалған», – деді зардап шеккен әйелдің анасы.
Оқиғадан кейін күдікті қашып кеткен. Кейін полиция оны Алматы қаласынан ұстаған. Қылмыстық іс қозғалып, ер адам қамауға алынды.
Бұл жағдай туралы бұған дейін «НеМолчиKZ» қоры хабарлаған еді. Алдын ала болжам бойынша, жанжалға алимент төлеу мәселесі себеп болуы мүмкін. Қор өкілдерінің мәліметінше, іс «қасақана денсаулыққа зиян келтіру» бабы бойынша тіркелген. Алайда ұйым бұл бапты «аса қатыгездікпен адам өлтіруге оқталу» бабына ауыстыруды талап етіп отыр.