Атырау тұрғыны қаланың орталығындағы Сәтбаев көшесінде жаяу жүргіншілер жолының әбден бүлінгеніне шағымданды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, төсемтастар ойылып, кей тұсы шұңқырға айналғандықтан, бұл жермен бала арбасын жүргізу қиын. «Брусчатканың бәрі шұңқыр, жүру мүмкін емес. Баламды арбамен алып өтсем, арба қатты селкілдейді. Әрең өттік», – дейді тұрғын. Қала орталығындағы жаяу жүргіншілер жолының мұндай күйде болуы коммуналдық инфрақұрылымның қалай күтіп ұсталып отырғанына қатысты сұрақ туғызады. Әкімдік мәселені тұрғындар әлеуметтік желіде көтергеннен кейін ғана назарға алатын болса, жауапты мекемелердің жол жағдайын тұрақты бақылауы қаншалықты тиімді деген сауал бар. Тұрғын Сәтбаев көшесіндегі бүлінген төсемтастарды ретке келтіріп, жаяу жүргіншілерге, әсіресе бала арбасымен жүретін ата-аналарға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауды талап етіп отыр.