20.08.2026, 12:20

Ұлдана Мырзуан ісінде судья ауыспайтын болды

Фото: видеодан скрин

Істің екінші отырысында сотталушы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы Асхат Алимов судьяға қарсылық білдірді.

Астанада қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық істің сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Істің екінші отырысында сотталушы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы Асхат Алимов судьяға қарсылық білдірді. Адвокаттың Меруерт Абаеваға қатысты қарсылығын Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот төрағасының міндетін атқарушы Самат Сембаев қарады.

Алайда сот бас тарту туралы өтінішті қанағаттандырмады. Оның айтуынша, судьяны істен шеттетуге жеткілікті негіз жоқ.

«Сот барлық деректі зерделей келе судьяны ауыстыруды жөн деп санамайды. Бұл жағдайда адвокаттың қарсылық білдіруінің деректері аз болуына байланысты Меруерт Абаева шеттетілмейді. Сондықтан қарсылық білдіру негізсіз», — деді Самат Сембаев.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанада болған. Тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы опырылып, бірнеше адам үйінді астында қалған. Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасымен бірге барған фельдшер Ұлдана Мырзуан зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде жарақат алған.

Сол сәтте ғимараттан кондиционердің сыртқы блогы үзіліп түсіп, Ұлдана Мырзуан мен оның әріптесінің басына тиген. Оқиға салдарынан бес адам түрлі деңгейде жарақат алған.

23 жастағы фельдшер ауыр халде он күн бойы жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан, Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 18 қарашада көз жұмды.

Сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның ерлігін атап өтіп, оны қаза болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдаған еді.