20.08.2026, 15:00

«Өзегім өртенді»: Ұлдана Мырзуанның анасы сотта көз жасына ерік берді

Фото: Видео скриншот

Анасының айтуынша, ауруханада дәрігерлер қызының жағдайын нақты түсіндірмеген.

Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында оның анасы Сәлима Омарова куәлік берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сәлима Омарова Ұлданамен 8 қараша күні соңғы рет видеобайланыс арқылы сөйлескенін айтты.

«Сол күні Шымкентке баруым керек еді. Қызыма видеоны өшіріп сөйлесейік дегенімде, ол кезекті шақыртуға бара жатқанын айтты. Әдетте Ұлдана әр шақыру сайын маған хабарласып, қайда жүргенін ескертіп отыратын. Бірақ бұл жолы нақты қайда бара жатқанын айтпады. Жолда келе жатып «көбірек сөйлесейікші» деді. Мен азық-түлік алу үшін дүкенге асығып бара жатқан едім. Дүкенде 30 минуттай болатынымды айттым. Қызым да шақырту орнына жеткенін, жұмысы аяқталған соң қайта хабарласатынын айтып, телефонды қойды», — деді Сәлима Ешанқұлқызы.

Кейін дүкенде жүрген кезінде оған құдағиы хабарласып, Ұлдананың үстіне ғимарат қабырғасы құлағанын жеткізген.

«Құдағидың дауысы өзгеше шықты, қатты уайымдап тұрғаны байқалды. Ол Ұлдананың үстіне дүкеннің қабырғасы құлап кеткенін айтты. Жаңа ғана сөйлескен қызымның жағдайын естіп, есеңгіреп қалдым. Артынан үлкен қызым хабарласып, ауруханаға тезірек жетуімді сұрады. Дүкенде есімнен танып қала жаздадым, жанымдағы адамдар су беріп, ес жиғызды. Дереу үйге келіп, таксимен әуежайға ұмтылдық. Ұшаққа билет алып, кешкі сағат 8-дерде ауруханаға жеттік», — деп еске алды ол.

Анасының айтуынша, ауруханада дәрігерлер қызының жағдайын нақты түсіндірмеген.

«Сұрағыма ешкім нақты жауап бере алмады. Ота жаңа аяқталғандықтан, мені ішке кіргізген жоқ. Жансақтау бөлімінің жанында күтіп отырдық. Қызымның жағдайын ашып айтқан бірде-бір дәрігер болмады. Қызымның мұндай күйге түсетіні үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Мен оның қасына барып: «Қызым, қайта хабарласамын деп едің ғой» дегім келді, бірақ ол мені естімейтінін білдім. Сыртқа шыққанда өзегім өртенді», — деді Сәлима Омарова.