21.08.2026, 23:30

ҚМДБ садақа дастарханын жаю мен жеті шелпекке қатысты түсініктеме берді

Фото: ЖИ

Демек бабаларымыздың шариғат аясында жасап келе жатқан садақа дастарханын бидғат санап, үзілді-кесілді теріске шығару дұрыс емес.

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында садақа дастарханын жаюға қатысты түсініктеме берген материал жарық көрді. Онда Қызылорда қалалық "Мүсірәлі ата" мешітінің бас имамы Қайырбек Отызбаев садақа асын өткізуге қатысты айтылатын сын пікірлер мен оны жоққа шығару түрлі діни ағымдардың қате насихаты екенін айтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

"Теріс ағым ұстанушылар шариғаттың емес, өз сенімдерінің көзқарасына теріс көрінгеннің бәрін "бидғатқа" балап, дәстүр ұстанғанды дінсіздікке апарып тастады. Бұл ұстанымдары тұтас мұсылмандардың арасына бүлік салып, қазақ қоғамына сызат түсіріп, алауыздық отын тұтатты. Бітпейтін дауға апарған тақырыптың бірі – жеті шелпек пісіру, әруаққа Құран бағыштау, сауап ниетімен садақа дастарханын жаю секілді тәрбиелік танымдарымызды бидғатқа шығарып, яғни дінде жоқ амал, мұны жасағандар адасушылар деп айып таға түсті. Діни ілімі саяз жандарды пайдаланып, халық арасына күдікті ой туғызып, елді игі амалынан ажыратып, бірлігін бұзып, ұлттық болмысынан жұрдай ету – перде артындағылардың жымысқы мұраты. Демек бабаларымыздың шариғат аясында жасап келе жатқан садақа дастарханын бидғат санап, үзілді-кесілді теріске шығару дұрыс емес", – деді ол. 

Имамның түсіндіруінше, қазақ халқы мұсылмандық үрдіспен, ата дәстүрімен дүниеден өткен жақынын еске алып, ас садақа жасап жатады. 

"Еске алады, Құран бағыштайды, құрбан шалып, садақа етеді. Қолындағы бар мүмкіндігімен садақа еткенді жөн көреді. Сондай садақаның кең етек алған түрі – марқұмның рухына арнап, дастарқан жайып, ағайынның батасын алуы. Мұны да садақа деп түсінуіміз керек", – деді ол.