26.08.2026, 22:30

«Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімі жарияланды

Фото: Zakon.kz

Жалпы 232 қазақстандыққа халықаралық стипендия тағайындалды.

Қазақстанның 232 азаматы биылғы іріктеу қорытындысы бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясын иеленді. Бұл туралы Ақордада Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Склярдың төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Комиссия отырысында стипендияға үміткерлерді іріктеу нәтижелері қаралды. Байқауда бір орынға орта есеппен бес үміткерден көп өтініш берген. Бұл «Болашақ» бағдарламасына қызығушылықтың жоғары екенін және конкурс талаптарының бәсекелі сипатта өткенін көрсетеді.

Жалпы 232 қазақстандыққа халықаралық стипендия тағайындалды. Оның ішінде:

179 азамат магистратурада білім алады;

12 адам докторантураға қабылданады;

1 қазақстандық бакалавриат бағдарламасы бойынша оқиды;

40 азамат шетелдік ұйымдарда кәсіби тағылымдамадан өтеді.

Сонымен қатар тағы 33 қазақстандыққа шетелдегі жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берілді.

Осылайша, жаңа стипендия иегерлері білімін жетілдіріп, кәсіби және ғылыми тәжірибесін шетелдік оқу орындары мен ұйымдарда арттыра алады.