"Қыздардың нақты неден қайтыс болғанын әзірге білмейміз".
Біріккен Араб Әмірліктерінде көз жұмған Ақжан мен Жұлдыз Боханованың денесі Қазақстанға жеткізіліп, Астанада жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Марқұмдардың әкесі Мейрам Боханов қыздарының мәйітін елге жеткізу үшін ДНҚ сараптамасы қажет болғанын айтты. Оның сөзінше, мәйіттерді бірден көруге мүмкіндік берілмеген.
«Қыздардың денесін ДНҚ сараптамасы арқылы ғана алғызды. Мәйіттерін маған көрсеткен жоқ. “Сот әлі біткен жоқ” деді. Елшіліктің қызметкерлері көмектесіп, жағдайды түсіндірді. Денелерін елге жеткізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады», – деді ол.
Мейрам Боханов қыздарының қазасынан кейін БАӘ-ге өзі барғанын айтты. Сол жерде мәйіттер сақталған орынға барып, қайғылы жағдайға қатысты қажетті құжаттарды алған.
Сонымен қатар ол әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпараттардың бірқатары шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді. Әсіресе қыздардың әлдебір адамның үшінші немесе төртінші әйелі болғаны туралы ақпаратты отбасы растамаған.
Сондай-ақ желіде тараған суреттегі ер адамның қыздардың өліміне қатысы бар-жоғы да әзірге анықталмаған.
«Желіде тарап жатқан ақпараттың бәрі шындық емес. Пышақ қолданылмаған. Құжаттарын өз көзіммен көрдім. Қыздардың нақты неден қайтыс болғанын әзірге білмейміз. “Жүрегі тоқтаған” деген ақпарат бар. Бірақ оған не себеп болғаны белгісіз», – деді марқұмдардың әкесі.
КТК мәліметінше, БАӘ тарапы қылмысқа қатысы бар деген күдіктінің ұсталғанын хабарлаған. Оның Қазақстан азаматы екені айтылып отыр. Дегенмен істің нақты мән-жайы тергеу мен сот процесі аяқталғаннан кейін белгілі болады.
Марқұмдардың отбасы қыздарының денесін Қазақстанға жеткізуге көмектескен Сыртқы істер министрлігіне, дипломатиялық өкілдік қызметкерлеріне және қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдірді.
Қазір Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі елшілік арқылы істің барысын бақылауда ұстап отыр. Ал БАӘ-нің құзырлы органдары өз тарапынан тергеу жұмыстарын жүргізуде.
Қаралы отбасы жұртшылықтан қыздарға қатысты расталмаған мәліметтер мен түрлі қауесетті таратпауды сұрады. Туыстары оқиғаның барлық мән-жайы ресми тергеу нәтижесінде анықталатынын күтетінін жеткізді.