22.09.2026, 18:00

Мыс байлығы елге қалай көбірек пайда әкеле алады?

Фото: Pixabay

Мол минералдық-шикізат қорына ие Қазақстан үшін қалыптасқан жағдай жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Мыс бүгінде заманауи экономиканың аса маңызды шикізаттарының біріне айналып отыр. Электр энергетикасы, көлік, байланыс, тұрмыстық техника мен компьютер өндірісінің дамуы, сондай-ақ электромобильдер мен жаңартылатын энергия көздерінің кеңінен қолданылуы бұл металға деген сұранысты жыл сайын арттырып келеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Мол минералдық-шикізат қорына ие Қазақстан үшін қалыптасқан жағдай жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Дегенмен қазіргі таңда мәселе еліміздің қанша көлемде мыс өндіре алатынымен ғана шектелмейді. Өндірістік тізбектің қандай бөлігі Қазақстан аумағында қалыптасатыны және соның нәтижесінде пайда болатын қосылған құнның қаншасы ел экономикасында қалатыны да айрықша маңызға ие.

Осыған байланысты сарапшылар арасында шикізатқа негізделген модельден мысты терең өңдеуге бағытталған өндірістік жүйеге көшу мәселесі барған сайын жиі көтеріліп жүр.

Шикізат өндіруден тұтас өндірістік тізбек құруға дейін

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Экономика институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Еркін Садықовтың айтуынша, мемлекет өндірістік тізбектің келесі сатыларына өтіп, дайын өнім шығаруға жақындаған сайын, оның экономикалық бәсекеге қабілеттілігі де арта береді.

Минералдық шикізатты терең өңдеуді жолға қою үшін тек өндірістік қуаттардың болуы жеткіліксіз. Бұл бағытты дамытуға қолжетімді әрі тұрақты электр энергиясы, жетілдірілген көлік-логистика жүйесі, қосалқы өндіріс орындары және білікті кадрлар қажет.

Осындай жағдайда ірі металлургиялық кәсіпорындардың маңында біртұтас өнеркәсіптік экожүйе қалыптасады. Соның нәтижесінде өндірістік жабдықтарға, жөндеу жұмыстарына, көлік және инженерлік қызметтерге, энергетикаға, сервистік компаниялардың жұмысына, сондай-ақ мамандар даярлауға деген қосымша сұраныс туындайды.

Еркін Садықовтың пікірінше, шикізатты өндіруден бастап, жоғары деңгейде өңделген дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңді қатар дамыту экономиканы әртараптандырып, оның сыртқы өзгерістерге төзімділігін күшейтеді. Сарапшы бұл ретте Чилидің, Қытайдың Цзянси провинциясының және Германиядағы Aurubis металлургиялық кешенінің кластерлік даму тәжірибесін мысал ретінде келтіреді.

Қазақстан өзінің минералдық-шикізат қорын, энергетикалық әлеуетін, географиялық орналасуын және осы уақытқа дейін жинақталған өнеркәсіптік тәжірибесін негізге ала отырып, өзіне тән дербес даму моделін қалыптастыруы қажет.

Мемлекет дамудың басым бағытын белгіледі

Минералдық шикізатты терең өңдеу бүгінде Қазақстанның өнеркәсіптік саясатындағы басты міндеттердің біріне айналып келеді.

Еркін Садықов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің берік өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикалық дербестігін нығайту жөніндегі ұстанымына назар аударды. Президент бұған дейін бастапқы өңдеуден өткен өнімдерді шетелге экспорттап, жоғары деңгейде өңделген дайын тауарларды сырттан сатып алуға негізделген тәжірибеден біртіндеп бас тарту қажеттігін атап өткен еді.

Бұл мәселе әсіресе мыс өнеркәсібі үшін өзекті болып отыр.

Қазақстанда жеткілікті шикізат қоры, жұмыс істеп тұрған тау-кен кәсіпорындары және металлургия саласындағы тәжірибе мен құзыреттер бар. Соған қарамастан, отандық мыс металлургиясы әлі күнге дейін негізінен кеңестік кезеңде салынған өндірістік қуаттарға тәуелді. Мәселен, Балқаш мыс балқыту зауыты 1938 жылы іске қосылса, Жезқазған мыс балқыту зауыты өз жұмысын 1970 жылдардың басында бастаған.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда мыс кенін өндіру және байыту көлемі едәуір артты. Алайда осы кезеңде елімізде жаңа ірі мыс балқыту зауыттары салынған жоқ. Соның салдарынан шикізат базасының даму қарқыны оны әрі қарай өңдеуге арналған өндірістік мүмкіндіктерден озып кетті.

Ендігі негізгі міндет – Қазақстан аумағында өңделетін мыс көлемін көбейтіп, өндірістік тізбекті кезең-кезеңімен ұзарту. Дегенмен бұл мақсатқа жету үшін мыс балқыту қуаттарын арттырудың өзі жеткіліксіз.

Заманауи мыс балқыту зауытына қандай талап қойылады?

Мәселенің технологиялық жағына PhD докторы Мейрам Атаманов назар аударды. Сарапшының пікірінше, жаңа мыс балқыту қуаттарын іске қосу Қазақстанның концентратты экспорттауға негізделген модельден ел ішінде толыққанды өнеркәсіптік тізбек құруға көшуіндегі маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Алайда заманауи металлургиялық кәсіпорынның тиімділігін тек өндірілген өнімнің көлемімен бағалауға болмайды.

Бірінші және негізгі талап – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Жаңа кәсіпорындарда және жаңғыртылатын өндіріс орындарында газдарды тиімді тазартатын, құрамында күкірт бар қосылыстарды ұстап қалатын, шығарындыларды автоматты режимде бақылайтын және өндірістік қалдықтарды қауіпсіз басқаруға мүмкіндік беретін заманауи жүйелер енгізілуі тиіс.

Екінші талап – шикізатты кешенді түрде пайдалану. Мыс концентраты күрделі құрамға ие болғандықтан, қазіргі заманғы металлургия тек негізгі металды бөліп алумен шектелмеуі керек. Шикізаттың құрамында кездесетін бағалы ілеспе компоненттерді де барынша тиімді игеру маңызды.

Мейрам Атамановтың айтуынша, өндіріс барысында пайда болатын қалдықтарға міндетті шығын ретінде емес, қайта өңдеуге және өндірісте қайта пайдалануға болатын қайталама шикізат ретінде қараған жөн.

Үшінші маңызды бағыт – өндірістік тізбектің кейінгі өңдеу кезеңдерін дамыту.

Катодты мыс өндірістік тізбектің соңғы нүктесіне айналмауы керек

Катодты мыс өндірудің өзі елде толыққанды өнеркәсіптік тізбек құрылды дегенді білдірмейді. Одан кейінгі кезеңде кабель өнімдерін, түрлі қорытпаларды, энергетика, электроника және машина жасау салаларына қажетті бөлшектер мен компоненттерді шығару қажет.

Металл өндірістік тізбектің дәл осы сатыларында экономикаға әлдеқайда ауқымды ықпал етіп, жоғары қосылған құнның қалыптасуына мүмкіндік береді.

Бұл бағытта дамудың екі түрлі моделі бар. Бірінші модель бойынша ел кен өндіреді, одан концентрат немесе металл шығарып, әрі қарай өңдеу үшін шетелге экспорттайды. Ал екінші модельде отандық шикізат базасы ел ішінде өзара байланысты ұлттық өндірістер кешенін дамытуға негіз болады.

Қазақстан үшін негізгі мақсат – бірінші үлгіден екінші модельге кезең-кезеңімен көшу.

Жекелеген зауыттар емес, тұтас өнеркәсіптік экожүйе керек

Мыс өнеркәсібінің келешегін тек жаңа балқыту зауыттарын салумен байланыстыруға болмайды. Қазақстанда төмендегідей толық өндірістік тізбек қалыптасуы тиіс:

шикізат → өңдеу → металл → материалдар → құрамдас бөлшектер → дайын өнеркәсіптік өнім.

Осындай жүйені қалыптастыру үшін энергетикалық қуаттарды, көлік инфрақұрылымын, технологиялық және сервистік компанияларды, отандық машина жасау саласын, ғылыми құзыреттерді және мамандар даярлау жүйесін өзара үйлестіре отырып дамыту қажет.

Сонда металлургия саласына бағытталған инвестициялар бір ғана кәсіпорынның аясында қалып қоймай, экономиканың басқа салаларының дамуына да серпін береді. Инженерлер мен жұмысшыларға, өндірістік жабдықтар мен түрлі қызметтерге сұраныс өсіп, кәсіпорындар орналасқан өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы жеделдейді. Сонымен қатар кейіннен экономиканың өзге салаларында қолдануға болатын жаңа технологиялық құзыреттер қалыптасады.

Екі сарапшының пікірі осы мәселеде өзара үндеседі. Еркін Садықов терең өңдеуді әртараптандырылған әрі тұрақты экономиканы қалыптастырудың маңызды құралы ретінде бағаласа, Мейрам Атаманов мұндай өзгерістерді жүзеге асыру үшін қажетті технологиялық талаптарға – экологиялық қауіпсіздікке, шикізатты кешенді пайдалануға және өндірістік тізбектің кейінгі өңдеу сатыларын дамытуға басымдық береді.

Қазақстанның бастапқы әрі ең маңызды артықшылығы – өзінің минералдық-шикізат базасының болуы. Ендігі міндет – осы шикізаттық әлеуетті елдің өнеркәсіптік және технологиялық басымдығына айналдыру.

Ол үшін заманауи өңдеу кәсіпорындарын іске қосып, өндірістің кейінгі кезеңдерін дамытып, отандық инженерлік мектепті қалыптастыру қажет. Сонда мыс өндірісінің артуы Қазақстан үшін өндірілетін металл көлемінің көбеюімен ғана шектелмейді. Бұл жаңа кәсіпорындардың ашылуына, озық технологиялардың енгізілуіне, тұрақты жұмыс орындарының құрылуына және орнықты өнеркәсіптік экономиканың қалыптасуына жол ашады.