Әйел әлеуметтік желідегі жазбасында «Ақ жол» партиясында 2022 жылдан бері жұмыс істегенін айтқан.
«Ақ жол» партиясының бұрынғы қызметкері ретінде өзін таныстырған әйел Азат Перуашевқа сексуалды қысым көрсетті деп айып тақты. Саясаткер тағылған айыптарды жоққа шығарып, құқық қорғау органдарына жүгінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
NEGE мәліметінше, әйел әлеуметтік желідегі жазбасында «Ақ жол» партиясында 2022 жылдан бері жұмыс істегенін айтқан. Оның сөзінше, 2024 жылы Азат Перуашев тарапынан жеке сипаттағы ишаралар жасалып, кейін келісімінсіз қол тигізу әрекеттері болған.
Әйелдің айтуынша, ол саясаткердің жұмыстан тыс уақытта кездесуге қатысты ұсынысынан бас тартқаннан кейін жұмыс жағдайы қиындаған. Оның мәлімдеуінше, тапсырмалар мен жұмыстан тыс уақытта атқаратын міндеттер көлемі көбейген. Кейін ол Перуашевпен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүр болғанын айтқан.
Бұрынғы қызметкер партияда мұндай жағдайға тап болған басқа әйелдер де бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол 2026 жылдың көктемінде партия қызметкерлерінің бірінің жүкті болуынан кейін ұйым ішінде дүрбелең басталғанын алға тартқан. Әйел партия төрағасының ауысуын осы жағдаймен байланыстырады.
Алайда бұл мәлімдемелерді Азат Перуашев жоққа шығарды. Оның айтуынша, аталған материалдың сілтемесі оған 10-15 минуттың ішінде 20-дан астам белгісіз нөмірден жіберілген.
«Мұндай арандатушылық сипаттағы айыптаулардың толығымен жалған әрі негізсіз екенін ресми түрде мәлімдеймін», – деп жазды Перуашев.
Саясаткер ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау үшін құқық қорғау органдарына жүгінетінін мәлімдеді. Сонымен қатар ол жарияланым авторларын заң аясында жауапкершілікке тартуды талап ететінін айтты.
Айта кетейік, осы оқиғаға қатысты ақпараттың түпнұсқалығына байланысты да сұрақтар туындаған. NEGE жариялаған деректерде материалдың таралуы туралы айтылса, Exclusive.kz редакциясы өз сайтының сыртқы көрінісін қайталайтын клон-сайттарда Перуашев туралы материал жарияланғанын және мұндай мақаланы өзі дайындамағанын мәлімдеді.