Жол апаты 2026 жылғы 29 мамырда Астана – Павлодар тасжолында болған.
Павлодар облысында студент Талғат Емелдің екі аяғынан айырылуына әкеп соққан жол апатына қатысты қылмыстық іс рақымшылық негізінде тоқтатылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жол апаты 2026 жылғы 29 мамырда Астана – Павлодар тасжолында болған. Көлік темір қоршауға соғылып, металл құрылғы салонға кірген. Үш адам зардап шегіп, ең ауыр жарақатты Талғат Емел алған. Клиникалық өлімді бастан өткерген жас жігіттің екі аяғын дәрігерлер ампутациялауға мәжбүр болған.
Оқиғадан кейін Екібастұз қалалық полициясы ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігі бойынша тергеу бастаған. Көлік тізгінінде Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың 22 жастағы ұлы болғаны айтылып, ол күдікті ретінде үйқамаққа алынған.
Алайда 16 қыркүйекте іс 2026 жылғы 1 шілдедегі рақымшылық туралы заңға сәйкес тоқтатылған.
«16 қыркүйекте жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 1 шілдедегі Заңындағы рақымшылық жасау актісіне сәйкес тоқтатылып, бекіту үшін Екібастұз қаласының прокуратурасына жолданды. Сонымен қатар, зардап шеккен тарапқа келтірілген залалды өндіру үшін сотқа азаматтық тәртіппен жүгіну ұсынылды», – деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті.
Талғаттың әпкесі Гүлсім Абайділдинованың айтуынша, қазір оның жағдайы бірқалыпты. Дегенмен алда бірнеше күрделі ота бар.
«Талғат қазір үйде, емделуді жалғастырып жатыр. Шілдеде ауруханадан шыққанымен, жағдайы бірнеше рет нашарлап, қайта жүгіндік. Тамыз айында темір құрылғыларды шешу керек еді, бірақ жамбас сүйегі нашар біткендіктен кейінге қалды. Алда жоспарлы ота бар. Риск өте көп, бәрі де өзгеруі мүмкін. Бірақ ота сәтті өтеді деп үміттеніп отырмыз», – деді ол.
Гүлсімнің сөзінше, апатқа қатысты тарап шілде айынан бері отбасыға хабарласпаған әрі кешірім сұрамаған.
Талғаттың отбасы ем-дом мен оңалту шығындарын өндіріп алу үшін азаматтық сотқа жүгінуге дайындалып жатыр.