Дженсен Хуангтың сапары Астанада өтетін AI Month аясында ұйымдастырылады.
Nvidia компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг Қазақстанға келеді. Оны елімізге жасанды интеллект және цифрлық даму министрі – вице-премьер Жаслан Мәдиев шақырған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Дженсен Хуангтың сапары Астанада өтетін AI Month аясында ұйымдастырылады. Бір айға созылатын іс-шаралар топтамасы жасанды интеллект саласындағы мамандарды, әзірлеушілерді, стартаптарды, зерттеушілер мен технологиялық компания өкілдерін біріктіреді.
AI Month 23 қыркүйекте HackAlem AI хакатонымен басталады. Әлемдегі ірі AI-хакатондардың бірі саналатын шараға қатысушылар Nvidia технологиялық ресурстарына қол жеткізіп, өздерінің жасанды интеллект шешімдерін әзірлеп, сынақтан өткізе алады.
Бағдарламаға бұдан бөлек, Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысы да кіреді. Оған 1 қазанда Nvidia вице-президенті Рев Лебаредян қатысады. Ал 2-3 қазанда AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы өтеді.
AI Month 23 қазанда арнайы іс-шарамен қорытындыланады. Оның басты қонағы Nvidia негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг болады. Ол Халықаралық alem.ai жасанды интеллект орталығында Жаслан Мәдиевпен бірге Fireside chat форматында пікір алмасады.
Кездесуде жасанды интеллектінің жаһандық дамуы, негізгі технологиялық трендтер, жаңа буын AI мамандарын даярлау және Орталық Еуразияның әлемдік технологиялық картадағы болашағы талқыланады.
63 жастағы Дженсен Хуанг – Тайваньдан шыққан америкалық кәсіпкер. Ол Nvidia компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі 1993 жылдан бері оның президенті және бас директоры қызметін атқарып келеді.
Forbes рейтингінде Хуанг әлемдегі миллиардерлер арасында 8-орында тұр. Оның байлығы шамамен 187,4 миллиард долларға бағаланады.