Жоба әуежайдың өткізу қабілетін ұлғайтып, әуе қатынасын дамытуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының Құрылтайдың алғашқы сессиясында берген тапсырмаларын орындау аясында Үкімет өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды озық дамыту бойынша шаралар қабылдауда, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Шымкентте жаңа перинаталдық орталық пен халықаралық әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салу жобалары жүзеге асырылуда. Нысандардың құрылысын жалғастыруға қосымша 33,5 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде денсаулық сақтау нысанына – 10 млрд теңге, ал екінші ұшу-қону жолағына 23,5 млрд теңге бағытталды.
Ақжайық шағынауданында 200 төсек-орынға арналған жаңа перинаталдық орталық салынуда. Медициналық мекеме жылына 7 мың босануға арналған және ана мен жаңа туған нәрестелерге медициналық көмектің толық циклін қамтамасыз етеді.
Орталықта акушерлік, гинекология және неонатология бөлімдері жұмыс істейді. Сонымен қатар күрделі патологиялары бар жаңа туған нәрестелерге ем жүргізуге арналған неонаталдық хирургия қызметі ұйымдастырылады.
Мұнда диагностикалық зертхана, генетикалық зерттеулер жүргізуге арналған база, консультациялық және оңалту бөлімшелері де қарастырылған.
Екінші ұшу-қону жолағының құрылысы Шымкент халықаралық әуежайының инфрақұрылымдық мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Жоба әуежайдың өткізу қабілетін ұлғайтып, әуе қатынасын дамытуға мүмкіндік береді.