$ 441.77 € 502.38 ₽ 5.23

Астанада бұрынғы күйеуінен қаза тапқан әйел ісі бойынша төрт полицей ұсталды

Сонымен қатар оқиғадан кейін Астана қаласы полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметінен босатылды.

Фото: el
Фото: el

Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің өліміне қатысты төрт полиция қызметкері ұсталды,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Kriminal Kazakhstan мәліметінше, оқиға 23 қыркүйекте тұрғын үй маңындағы автотұрақта болған. Бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында жанжал шыққан. Тергеу дерегіне сәйкес, 1993 жылы туған Талант Камиден әйелге 16 рет пышақ сұғып, оны өлтірген. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Марқұм бұған дейін бұрынғы күйеуінің ұрып-соғуы, қорқытуы және зорлық-зомбылық көрсетуі туралы полицияға бірнеше рет жүгінген. Оған қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып, қылмыстық істер бойынша тергеу жүргізілген. Сондай-ақ 7 және 9 қыркүйекте әйел бұрынғы күйеуінің өзін пышақпен қорқытқаны туралы хабарлаған.

Оқиғадан кейін ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті марқұмның арыз-шағымдарын қараған полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты тексеру бастаған.

29 қыркүйекте Астанада төрт полиция қызметкері ұсталды. Олардың қатарында «Сарыарқа» ауданының тергеушісі мен учаскелік инспекторы, сондай-ақ «Нұра» ауданының екі учаскелік инспекторы бар.

Төртеуі де теріс себептермен қызметтен босатылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында ұсталған.

Сонымен қатар оқиғадан кейін Астана қаласы полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметінен босатылды.

Айта кетейік, күдікті Талант Камиденнің өзі де бұған дейін полицияда қызмет еткен. Ол ішкі істер органдарында 2014 жылдан 2026 жылғы 29 шілдеге дейін жұмыс істеп, кейін өз еркімен қызметтен кеткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0