06.10.2026, 10:40

Көкшетауда мектеп маңында бала көліктен құлап кетті (ВИДЕО)

Фото: Видео скриншот

Құқық қорғау органдары балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің жауапкершілігі екенін еске салды.  

Көкшетауда мектеп маңында бала көліктен құлап, қауіпті жағдайға тап болды. Оқиға 5 қазан күні таңертең болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, сағат 08:00 шамасында Subaru Forester көлігі мектепке келген. Жүргізуші баланы көліктен белгіленбеген жерде түсірмек болған.

Алайда көлік қозғалып кеткен кезде бала есікті ашып, сыртқа құлап кеткен. Полиция тексеру барысында баланың жасына сай арнайы балаларды ұстап тұратын құрылғысыз және қауіпсіздік белдігіне арналған адаптерсіз тасымалданғанын анықтады.

Оқиғаға байланысты көлік жүргізушісіне жолаушыларды тасымалдау талаптарын бұзғаны және тоқтау ережесін сақтамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

Полиция өкілдері жүргізушімен профилактикалық әңгіме жүргізіп, балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

Ведомство ата-аналар мен жүргізушілерді балаларды көлікпен тасымалдау кезінде барынша сақ болуға шақырды. Мамандардың айтуынша, баланы арнайы ұстау құрылғысымен тасымалдап, қауіпсіздік белдігін міндетті түрде тағу қажет. Сондай-ақ баланы көліктен тек рұқсат етілген және қауіпсіз жерде түсіру керек.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын, қауіпсіздік белдіктері мен мотоцикл дулығаларын пайдалану ережелерін бұзудың 27 мыңнан астам дерегі анықталған.

Құқық қорғау органдары балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің жауапкершілігі екенін еске салды.