07.10.2026, 09:20

Ақтауда мектеп оқушылары футбол ойыны кезінде төбелесіп, біреуі ауруханаға түсті (ВИДЕО)

Фото: qaz365

Ақтау қаласының білім бөлімі оқиға болғанын растады. 

5 қазанда Ақтаудағы №1 мектепте 10 және 11-сынып оқушылары арасында футбол ойыны кезінде жанжал шыққан. Артынша жағдай төбелеске ұласқан, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиғадан кейін 10-сыныптың екі оқушысы медициналық көмекке жүгінген. Олардың бірі ауруханаға жатқызылды. Анасының айтуынша, жасөспірім бірнеше рет есінен танып, денесі көгеріп, жарақат алған. Сонымен қатар жүрегі айнып, басы айналған.

Жасөспірімнің анасы ұлының жоғары сынып оқушысына бірінші болып соққы жасағанын жоққа шығармайды. Алайда оның сөзінше, бұған дейін 11-сынып оқушысы ұлын арандатқан және қорқытқан. Кейін жанжалға басқа жоғары сынып оқушылары да араласқан.

Ақтау қаласының білім бөлімі оқиға болғанын растады. Жанжалға қатысқан оқушылардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жасөспірімдер профилактикалық есепке қойылған. Қазір материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды.