Олардың әрқайсысына бес өңірден бекітіледі.
Құрылтайдың жалпы отырысында мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру туралы қаулы қабылданды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
— Жергілікті өкілді органдар ретінде мәслихаттар халықпен тікелей жұмыс істейді, өңірлердің өзіндік ерекшеліктерін біледі және біз қабылдаған заңнамалық шешімдердің іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынымен бетпе-бет келеді. Қазақстан Республикасы Құрылтайының жанындағы мәслихаттармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңесті нақты осындай тұрақты өзара іс-қимыл жасау тетігі ретінде құрылады, — деді қаулыны таныстырған Құрылтай депутаты Әмірбек Оспанбеков.
Оның сөзінше, бастаманың негізгі мақсаты — Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысында Президент айтқан өңірлер мен орталық мемлекеттік органдар арасында тікелей байланысты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырманы іске асыру.
Кеңес мәслихаттардың заңдарды әзірлеуге тұрақты қатысуын және қабылданған заңдардың жергілікті жерлерде іс жүзінде қолданылуы бойынша кері байланыс алуды жолға қояды. Сондай-ақ жүйелі шешімдер әзірлеу үшін өңірлердегі проблемаларды анықтап, жинақтап отырады. Кеңестің міндетіне өңірлердегі табысты тәжірибені зерделеу мен оны таратуға ықпал ету де кіреді.
Кеңес құрамына мәслихаттарда жұмыс істеу немесе олармен өзара іс-қимыл жасау тәжірибесі бар Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің депутаттары, саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Астана қаласының, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат төрағалары кіреді.
Өңірлермен тұрақты байланыс орнату үшін Құрылтайдың төрт депутатынан тұратын хатшылық құрылады. Олардың әрқайсысына бес өңірден бекітіледі.
Қажет болған жағдайда жекелеген мәселелерді қарау үшін тақырыптық жұмыс топтары құрылуы мүмкін. Олардың жұмысына Құрылтай мен мәслихат депутаттары, сарапшылар, азаматтық қоғам, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері тартылады.