07.10.2026, 17:00

Шымкентте сушиге тапсырыс берген отбасы уланып, ауруханаға түсті

Фото: Pixabay

Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері қалада жіті ішек инфекциясының бес топтық жағдайы тіркелген.

Шымкентте жеке сатушыдан сушиге тапсырыс берген бір отбасының мүшелері жіті ішек инфекциясымен ауруханаға түсті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Otyrar.kz cайтына сілтеме жасап. 

Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері қалада жіті ішек инфекциясының бес топтық жағдайы тіркелген.

Мамандар қауіп бірнеше факторға байланысты болуы мүмкін екенін атап өтті: жеке гигиенаны сақтамау, температуралық режимді бұзу, өнімдерді дұрыс сақтамау және алдын ала дайындалған тағамдарды пайдалану.

Әсіресе жеке сатушылардан алынған дайын тағамдар қауіпті болуы мүмкін, өйткені сатып алушы оның қай жерде және қандай жағдайда дайындалғанын білмейді.

"Олардың бәрі өз бетінше ашылған жеке тамақ сату нүктелерінде дайындалып, тапсырыс бойынша жеткізетін жеке тұлғалардан суши алдырған. Нәтижесінде жедел ішек инфекциясымен ауру жағдайлары тіркелді", - деді Шымкент қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.

Сондай-ақ мамандар ыдыс-аяқ нашар жуылса, өнімдер дұрыс емес жағдайда сақталса және тамақ дайындаған адам санитариялық нормаларды сақтамаса, қауіп артатынын ескертеді.

Егер дайын тағамды жегеннен кейін адамның жағдайы нашарласа, дәрігерлер медициналық көмекке жүгінуге және тағамды сатып алғанын растайтын дәлелдерді сақтап қоюға кеңес береді. Оларға чек, сатушымен хат алмасу, тағамның фотосы немесе видеосы, қаптамасы және медициналық құжаттар жатады.

Зардап шеккендер қажет болған жағдайда тұрғылықты жері бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жүгіне алады. Материалдық және моральдық зиянды өтеу мәселесі сот тәртібімен шешіледі.