Алматы облысы Есік қаласының тұрғындары шұрық-тесік жолдардан әбден мезі болғанын айтып, жергілікті билікке шағымданды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде тараған видеодан асфальттың ойылып, жолдың кей тұстары көлік жүруге қауіпті жағдайға жеткенін көруге болады. Тұрғындардың айтуынша, шұңқырға түскен көліктердің бамперлері мен басқа да бөлшектері зақымданып, жүргізушілер шығынға батып жатыр. Жолдың нашарлығынан қала ішінде көлік кептелісі де пайда болған. Ал жолдың сапасына жауапты Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі неге мұндай жағдайға жол бергені және жөндеу жұмыстарының қалай бақыланғаны әзірге белгісіз. Қоғам белсенділері әкімдіктен мердігерлердің кім екенін, бүлінген көліктердің шығынын кім өтейтінін және жолдың қашан қалпына келтірілетінін ашық түсіндіруді талап етіп отыр.