09.10.2026, 09:10

Алматыда метроның үстіне бес қабатты ғимарат салынбақ: тұрғындар қауіптеніп, әкімдіктен жауап талап етті

Фото: видео скриншот

Тұрғындардың сөзінше, құрылыс алаңында ғимараттар арасындағы белгіленген арақашықтық сақталмаған.

Алматының Әуезов ауданында тұрғындар үйлерінің іргесіндегі құрылысқа наразылық білдірді. Мәмыр-4 шағынауданындағы 111Г үйінің маңында шамамен 10 сотық жерге бес қабатты ғимарат салу жоспарланып отырғаны айтылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Тұрғындардың сөзінше, құрылыс алаңында ғимараттар арасындағы белгіленген арақашықтық сақталмаған. Оларды алаңның астынан метро өтетіні де алаңдатып отыр, себебі терең қазылған шұңқырдың жерасты инфрақұрылымына қаншалықты қауіпсіз екені белгісіз. Бұған қоса, тұрғындар құрылыс басталған аумақта ағаштар кесілгенін айтып, оның заңдылығын тексеруді талап етті. Олар Алматы әкімдігінен құрылысқа берілген рұқсаттарды, инженерлік есептеулерді және қауіпсіздік шараларын тексеріп, нақты жауап беруді сұрайды.