09.10.2026, 12:40

«Енді балалы бола алмаймын»: Ақтөбеде тісін емдеткен әйелдің жағдайы ауырлап кеткен

Фото: видеодан скрин

Бірнеше тісі жоқ, жүйкелері зақымданған, бетінің пішіні өзгерген.

Ақтөбеде тісін емдетуге барған 37 жастағы әйелдің денсаулығына ауыр зиян келген. Науқастың айтуынша, стоматологиялық емнен кейін бірнеше тісінен айырылып, жүйкелері зақымданған, беті қисайған. Енді оған бірнеше ота жасату қажет. Әйел бұл жағдайдың ана болу жоспарына да әсер еткенін айтады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Гүлжанат Құлмұрзина экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) арқылы балалы болуға дайындалып жүрген. Процедура алдында тістерін емдетуді жөн көріп, жекеменшік стоматологиялық клиникаға жүгінген. Алайда әйелдің сөзінше, тістерін емдеу және жұлу барысында химиялық күйік алып, көпбейінді ауруханаға түскен.

Науқастың айтуынша, емнің салдары әлі күнге дейін жойылмаған. Бірнеше тісі жоқ, жүйкелері зақымданған, бетінің пішіні өзгерген. Қазір ол денсаулығын қалпына келтіру үшін бірнеше отадан өтуге дайындалып жатыр.

Ақтөбе облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті бөлімінің басшысы Нұрлыгүл Бисенованың мәліметінше, әйелге стоматологиялық көмекті орта медициналық білімі бар маман – дантист көрсеткен. Ал қолданыстағы стандарт бойынша, медициналық көмектің екінші деңгейіндегі мұндай қызметті жоғары медициналық білімі бар маман көрсетуі тиіс.

Әйелдің шағымынан кейін клиникада тексеру жүргізілген. Сондай-ақ науқастың тіс жегісі асқынғаны анықталған. Тексеру қорытындысы бойынша дантиске айыппұл салынып, клиника басшылығына оны жұмыстан шеттету туралы нұсқама берілген.

Гүлжанат Құлмұрзина клиникаға қарсы сотқа талап арыз түсірген. Алайда оның айтуынша, дауды сотқа дейін реттеу әрекеті нәтиже бермеген. Татуласу рәсіміне жауапкерлер келмеген.

«Бүгін татуласу рәсімі өтуі керек еді. Бірақ олар оған келмеді, ешқайсысы қатысқысы келмеді. Тіпті кешірім де сұрамады. Мен алдағы уақытта ЭКО арқылы балалы болуды жоспарлаған едім. Енді ЭКО-ға бара алмаймын», – деді әйел.

Қазір науқас денсаулығын қалпына келтіру үшін бірнеше отадан өтуі керек. Ал оның ана болу жоспарының болашағы қандай болатыны әзірге белгісіз.